Әлем жаңалықтары
Жеңіле білу де – жеңіс
АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп 20 қаңтарда Джо Байденге билікті өткізуге уәде берді. Алайда сайлау қорытындысымен әлі келіспейтінін де тілге тиек етті, деп жазады Bugin.kz авторлар платформасы.
Трамптың уәдесін көмекшісі Дэн Скваино Twitter-де жариялады.
“Сайлау қорытындысымен келіспеймін, фактілер де менің пайдама шешілгелі тұр. Бірақ 20 қаңтарда билікті тапсырамын”, - деді Трамп.
Әрі Американы “ұлы” ету үшін күрестің қайта басталғанын да айтыпты.
Айта кетейік, Капитолийде халық толқуы мен тәртіпсіздік, Вашингтонда комендаттық сағат өтіп жатқанда, АҚШ Конгресі Джо Байденнің президент болып сайлануын мақұлдады.
Байденнің 270 дауыс жинағанын Конгресс растады. Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге басып кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастырғанының салдарынан бір әйел қаза тапты.
Бұған дейін, 4 қаңтарда Трамп президент сайлауының шынайы “нәтижесін” көрсетуге уәде берген болатын.
“Сертификатталған нөмірлердің өзі дұрыс емес болғанда, сайлаудағы цифрларға қалай сенуге болады? 6 қаңтарда бәріңіз шынайы цифрларды көретін боласыздар”, - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасына.
Ал сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, Байден 306, ал Трамп 232 дауыс жинаған. АҚШ Конгресі 6 қаңтарда нәтижені растауы тиіс болған.