Bugin

Nur Otan сайлауға 435 млн теңге жұмсады

Ал сайлауға 15 млрд теңге кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандық партиялардың Парламенттік сайлауына, үгіт-насихат жұмыстарына қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды. Олардың арасында Nur Otan көш бастап тұр.

Жаңа жылға дейін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлауға 15,3 млрд теңге жұмсалғанын хабарлаған еді. Сайлау "спектакліне" кеткен бұл қаржы – мемлекеттік бюджеттен алынған сома. Яғни, Қазақстанның әрбір азаматы сайлауға қалтасынан 1500 теңге төледі деген сөз.

Ал сайлауға түскелі жатқан бес партия үгіт-насихат жұмыстарына барлығы 1,7 млрд теңге жұмсаған екен. Партия ұйымдары бұл қаржыны өздері жинайды, яғни, бюджет қаржысының бұған қатысы жоқ. Партияны қаржыландырудың екі жолы бар: бірі – партия мүшелерінің өз қаржысы, екіншісі – заңды не жеке тұлғалардың қаржыландыруы.

Партиялардың арасында ең көп қаржы жинаған – Nur Otan. Жалпы жинаған қаржысы – 637 млн теңге. Одан кейін "Адал" партиясы (315 млн теңге), "Ауыл" партиясы (310 млн теңге), "Ақ жол" партиясы (257 млн теңге), соңында – Қазақстанның халық партиясы (200 млн теңге).

Ал партиялардың арасында үгіт-насихат жұмыстарына көп қаржы жұмсаған да дәл осы – Nur Otan. Ол 433 млн теңге, "Адал" партиясы 159 млн теңге, "Ауыл" мен "Ақжол" партиясы 130 млн теңге, ҚХП 77 млн теңге жұмсаған.

Бұл қаржыны партия өкілдері көбінесе үнпарақ пен үнқағаз таратуға, БАҚ-та үгіт-насихат материалдарын жариялауға, іссапар мен пиар-агенттікке пайдаланған. Сайлау "сахнасына" қарап, қазақстандық партиялар 1,7 млрд теңгені күлге шашқандай әсер қалдырады.