Саясат
Швед соты Храпуновтың көңілін қалдырған емес
Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова Швейцариядан саяси босқын ретінде баспана алды. Мұны ол Фейсбуктегі парақшасында жазды.
- 2020 жылдың 29 желтоқсанында Швейцарияның федералды әкімшілік соты бізге – Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға Швейцариядан саяси баспана беру туралы ақырғы шешімін шығарғанын қуана хабарлаймын, - деп жазды парақшасында бұрынғы әкім.
Айта кеткен жөн, швед соты Храпунов жанұясының өтінішін бірнеше рет дұрыс деп тауып, қанағаттанарлық шешім шығарған еді. Мәселен, 2014 жылы Федералды әкімшілік сот Храпуновты Қазақстанға экстрадациялаудан құтқарып, босқын құқығын қорғаған. Ал 2018 жылы Қазақстанның құқықтық өзара көмек туралы өтінішін кері қайтарып, 2019 жылы Женева прокуратурасы Храпуновтың атына ашылған қылмыстық істің бәрін жауып, ақтап алды. Енді саяси баспана бермек.
Ал Женева прокурорының баспасөз хатшысы Марк Коминнің айтуынша, Швейцария билігі Храпуновтың саяси тұрғыдан қудалауға ұшырағанын ресми түрде мәлімдеді әрі оның құқығын қорғау Қазақстандағы диктатура режімімен күресудің белгісі деп таныған.
Виктор Храпунов Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының әкімі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің орынбасары қызметтерін атқарған. Оған Алматы қаласының әкімі қызметінде жүріп бюджет ақшасын жымқырды деп айып тағылған еді. Әрі Қазақстан соты оны 2018 жылы 17 жыл бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, Храпунов 300 млн АҚШ долларын жымқырып, Швейцария мен АҚШ-тан офшор шоттары арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған.
Айта кеткен жөн, Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязов бір-біріне құда боп келеді. Храпуновтың ұлы Ілияс Әблязовтың қызы Мадинамен некелескен. Ал Мұхтар Әблязов былтыр Франциядан саяси баспана алған.