Қазақстан жаңалықтары

Тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тестке тәуелді ме?

Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға қатыса алмаймыз деп алаңдаулы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сайлауға 1 күн, 4 сағат қалды. Ал тәуелсіз бақылаушылардың ПТР-тестінің нәтижесі дайын емес. Нәтижесіз олар сайлауға бақылаушы ретінде қатыса алмайды. 
Әр аймақтағы тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тестін тапсыру кезінде түрлі кедергіге ұшыраған. Тестті тегін өту үшін жергілікті әкімдіктерден бақылаушылар тізімі сұралған. Bugin.kz тілшісі «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының мүшесі, тәуелсіз бақылаушы Дастан Аққожадан мән-жайды сұрап білді.
—Біз 3-і күніне дейін ПТР-тест тапсыруға өтінім жіберіп үлгеруіміз керек болды. Біз жібердік. 6 қаңтарда Алматы қаласындағы №176 мектепке барып тест тапсырдық. 2 күннен соң жауабы шығуы қажет болған,- деді бақылаушы.

№176 мектеп-гимназиясының директоры Әденова Гүлбағда Есейханқызы бізге былай деп жауап берді: «Тәуелсіз бақылаушылардың біздің мектепте (№176 мектеп-ред.) ПТР-тест тапсырғаны рас. Бізге әкімдік пен №36 емхананың қызметкерлерінен сондай бұйрық түсті. Мен жай ғана кабинет ашып бердім».

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова бұл жайға қатысты өз пікірін білдірді. Елена ханымның айтуынша, ПТР-тестті не үшін кеш тапсырғандарын білмейді. Сол себепті сайлауға бақылаушылар қатыса алмай қалуы мүмкін деп алаңдайды.

Кейінірек бақылаушыларға «ДамуМед» арқылы нәтижесін көре аласыздар делінген. Бұл туралы Дастан:

—Порталда поликлиникалардың нөмірі жазылыпты. Ол жерде бізді солардың біріне қабылдауға барды делінген. Алайда коронавируспен ауыруы мүмкін деген себеп жазылыпты.

Бақылаушылардың бірі мұның себебін білу үшін Алматы қаласындағы №36 поликлиникаға хабарласты. Емхана қызметкері: «Сіздер тестті тегін тапсыру үшін, барлықтарыңызды бірдей тіркедік» деп жауап қайтарған.
Алматы қалалық №36 емхананың менеджері Венера Музафарова былай деді : «Жалпы ПТР-тесттің нәтижесі 2 күнде дайын болады. 6 қаңтар 57 тәуелсіз бақылаушыдан тест алынған. 1 ғана бақылаушының нәтижесі белгілі. Қалғандарының нәтижесі ертең яғни 9 қаңтарға дейін белгілі болады. Уайымдайтын түгі жоқ. Сайлау жексенбі күні болады. Сондықтан бақылаушылар нәтижесін алып үлгереді. Қайталап айтамын, зертхана тәулік бойы жұмыс істейді. Адам көп болғандықтан аздап үлгермей жатырмыз».

Бұған дейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Азаттық порталына «7 қаңтар күндізгі сағат 12-дегі жағдай бойынша жалпы 8394 адам тексерілген . Соның нәтижесінде 3 бақылаушы және сайлау комиссиясының 10 мүшесінде коронавирус анықталған» деген еді.

«Олар жұмыстарынан шеттетілді. Сайлау комиссиясында істейтіндер қосымша құраммен толықтырылады. Бақылаушылар да тізім бойынша алмастырылады. Жұмыстан шеттетілгендерді барынша алмастыруға күш саламыз» деді Бекшин 7 қаңтар күні орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде.

Сайлау комиссиясы мүшелеріне, тәуелсіз бақылаушыларға ПТР-тесттен өту қажеттігі желтоқсан айының соңында хабарланды. Талап тек коронавирустың таралуы бойынша «сары» және «қызыл» аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларға қатысты.

Біз Орталық Сайлау Комиссиясына хабарласқанымызда БАҚ пен қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимыл бөлімі:

Біздің ПТР-тестке қатысымыз жоқ. Бекшиннің қаулысында бәрі жазылып тұр,- деп жауап берді. 

Айта кетейік, Петропавл, Атбасар, Атырау қалаларында бақылаушылар тіпті ақылы тест тапсыра алмай жатыр. Себебі поликлиникаларда орын жоқ.

Осы материалды дайындау барысында Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасынан ресми жауап келді.

«Еркіндік қанаты» ҚҚ тапсырған анализ нәтижесі бүгін кешке немесе ертең таңертең ДамуМед порталына жарияланады және №36 емхана поштаға хат арқылы жібереді»