Bugin

Назарбаев Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қатысты пікір білдірді

"Астананы нөлден бастап құрған мен, ол - факт"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Республикасының алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Bugin.kz платформасы.

“Мен президент болғанда мұндай шешімге түбегейлі қарсы болдым. Тәуелсіздік күні мен туған күнімде бір көшеге немесе мектепке есімімді беру жайлы ұсыныс түсіп отыратын. Мен тәмамдаған, білім алған Абай атындағы мектепті менің атыма қалай ауыстыруға болады? Бұл бассыздық. Бірден қарсы шығатынмын. Ол жағы сіздерге де мәлім. Рұқсатымды тек университетті атауға бердім. Ол да маңызды. Әр мемлекеттің тәжірибесін алып қарасаңыздар, оқу орнын құрған адамның аты университетке беріледі. Идея менікі болды, сөйтіп Назарбаев Университетін құрдым. Ондағы мақсатым, алдымен оқу орнын қаржыландыру еді, сосын жастарды білім алуға ынталандырғым келді. Міне, тек университетті өз атыммен атауға рұқсат бердім.Егер бұл әрекетімді сөксеңіздер, кінә менен, оын мойындайтын боламын”, - деп келтірді Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы елбасы “Штрих к портрету” деректі фильмінің үшінші бөлімі аясында айтты.

Сонымен қатар, Назарбаев Астананың “астана” болып аталатын алғашқы атау еместігін де ескертті.

“Өзге шешімдер менің келісімімсіз қабылданды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Парламент қаланың атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, қала Ақмола немесе Акмолинск деп аталды. Елорданың бүкіләлемдік презентациясы өтті, жан-жақтан қонақтар келді. “Ақмола деген не, неге ақ?” деген сұрақтар жаудыра бастады. Сөйтіп ойыма бірден “Астана” деген атау келді. Бұл әлем үшін жаңалық емес еді. Мысалы, Бейжің “солтүстік астана” дегенді білдіреді. Токионың да мағынасы “астана”. Мұндай мысал көп”, - деп түсіндірді Назарбаев.

Әрі елбасы қаланың атауын өзгерту – халықаралық тәжірибе екенін де айтып қалды.

“Вашингтон қаласының атауы бірінші президенттің есімімен берілген. Қаланы құрған президенттердің есімімен аталған астана көп. Елордамызды нөлден бастап менің құрғаным да факт”, - деп сөзін қорытындылады бірінші президент.