Bugin

Айыппұлмен құтылмайды: Елде жемқорлыққа жаза күшейтілді

Пара бергені үшін 7 жылға сотталуы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. Енді пара берген мен алғандарға салынатын айыппұл екі есе көбейеді.

Антикор өкілдерінің айтуынша, Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілуге байланысты, пара алған және берген азаматтарға берілетін жаза күшейтіліп, 5 жылдан 7 жылға дейін көтерілді.

- Бұрын азаматтарға Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігінде қарастарылған "Айтарлықтай ірі көлемде пара бергені"  үшін ең көп дегенде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілетін. Ал жаңа редакцияда (заң нормасында – еск.) жазалаудың жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұзартылды. Сәйкесінше пара алу мен беру ауыр қылмысқа жатқызылды. Бұл дегеніңіз шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтеуге мүмкіндік бермеу болып отыр, - деп түсіндірді Олжас Бектенов Антикордың Facebook парақшасында өткен онлайн брифингіде.

Сондай-ақ, 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (145 мың теңге) мөлшерде пара бергендерге салынатын айыппұлдың көлемі екі есе ұлғайтылған. Енді алған парасынан 20 есе көп айыппұл төлейді.

- Бас бостандығынан айыру мерзімінің ұлғаюынан бөлек пара беру мен парақорлыққа делдал болғандардың айыппұлы да өсті. Пара бергендер үшін (50 АЕК немесе 145 мың теңгеге дейін) айыппұлдың төмен көрсеткіші екі есе өсті – параның 10 еседен 20 есеге дейінгі мөлшерінде төлеу керек. Мысалмен түсіндірейін: азамат 100 мың теңге пара бергені үшін сотталса, онда сот оған кемінде 2 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығара алады. Бұрын айыппұлдың төмен мөлшері 1 миллион теңге болатын, - дейді ол.

Айта кеткен жөн, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пара алған шенеуніктерге берілетін жазаны күшейтіп, айыппұл ғана төлеп босап кетуге жол бермеуді тапсырған.