Денсаулық
Зімбір – уытты өсімдік.
Зімбірдің пайдасы жайлы аз айтылған емес. Оның адам ағзасына пайдасы барын медицина дәлелдеген. Дегенмен зімбірді де дұрыс қолдану керегін ұмытпаған жөн. Алдымен пайдасынан бастайық.
Зімбірдің пайдасы
Зімбірдің тамырында А, С, B1, B2, дәрумені мен магний, фосфор, темір, кальций, натрий, цинк және калий сынды минералды заттар, түрлі пайдалы амин қышқылдары бар.
Арықтауға көмектеседі. Зімбір қанды қыздырып, айналымын жақсартады. Соның арқасында асқазан жұмысы мен зат алмасым күшейеді де, адамдың арықтауына септігін тигізеді.
Тұмауды емдейді. Зімбірдің бактерия, вирус пен қатерлі ісікке қарсы тұрар қуаты мығым. Сондықтан зімбір шайын дайындап немесе зімбір мен эфир майын қосып ингаляция жасау арқылы тұмаудан тез сауығуға болады. Ал эпидемия кезінде зімбірдің адам иммунитетін қалыптастырудағы маңызы ерекше.
Қан қысымын түсіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, зімбір қан айналымын күшейтеді. Соның есебінен қан қысымы да төмендейді. Сондай-ақ миға оттегі айдауға көмектеседі.
Иммунитетті күшейтеді. Зімбірдің құрамында дәрумен көп. Әсіресе, В тобына жататын дәрумендер мол, аскорбин қышқылы мен ретинол бар. Ал бұлар адам иммунитетін күшейтуге жақсы көмектеседі.
Токсикоз бен улануды қайтарады. Зімбір қан айналымын жақсарту арқылы ішек спазмасын жеңілдетіп, содан тағам уытын тез қайтарады. Ол үшін зімбір кішкене бөліп алып шайнап, сумен жұту керек.
Зімбірдің зияны
Зімбір – өте қатты, уытты өсімдік. Сондықтан оны пайдаланғанда абай болған жөн. Әсіресе, зімбірдің шайын ішер кезде сақ болған абзал. Дәмі аздап ашыған не қышқылға айналған тәрізді болса, онда оны ішпеген жөн.
Зімбірді жеуге, ішуге болмайды:
Гастрит, асқазан жарасы бар адамдарға. Зімбір асқазанның шырышты қабығын тітіркендіруі мүмкін. Сондықтан асқазан қышқылы көбейген жағдайда, зімбір шайын ішпей-ақ қойған жөн.
Бүйрегінде тасы барларға. Зімбір бүйректегі тастың ары-бері қозғалуына әсер етуі мүмкін. Ал бұл бүйрекке жақсы емес.
Дене қызуы жоғары кезде. Зімбірді дене қызуы жоғары кезде (38,5-ден жоғары) ішуге болмайды. Өйткені қызуды одан әрі көтеріп жіберуі мүмкін. Ал дене қызуы енді көтеріле бастағанда оны қайтаруға зімбір шайының пайдасы мол.
Жүрек ауруы бар адамдарға. Миокард, ишемиялық жүрек аурулары, қан қысымы жоғары, инсульт, инфаркт алған адамдарға зімбір шайын көп ішуге болмайды. Өйткені жоғарыда айтылғандай, қан айналымы күшейіп, жүрекке салмақ түсуі мүмкін.
Жүктілігі екінші кезеңінде. Негізінен зімбір жүкті әйелдердің жерігін басуға септігін тигізетін өсімдік. Бірақ оны жүктіліктің екінші кезеңінде қолдануға болмайды. Өйткені қан қысымын көтеріп жіберуі мүмкін.