Bugin
Билік заңсыз шара деп отыр
Жексенбі күні түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "митинг орны" деп белгілеген жерлерде полиция адамдарды ұстап әкетті.
Ұстаулардың ең ірісі Алматыда болды. Мұнда түскі сағат үштер шамасында Төле би және Панфилов көшелері қиылысына ондаған адам жиналып, ақпарат құралдарына әлеуметтік жағдай, сайлау туралы шағымдарын айта беріп еді, жергілікті әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, ескерту жасады. Билік өкілдері мұндай шараның "заңсыз" екенін айтып, тарауды сұрады. Бірақ азаматтар тараудан бас тартты.
- Мен сайлауға барып едім, "тіркеуде жоқсың" деп дауыс бергізбей қойды. Осы жерде көптен бері тұрамын. Сайлау құқығым бұзылған. Соны айту үшін келдім, - деді наразылардың бірі.
Сәлден соң арнайы жасақ пен полиция оларды тықсыра бастады, тұрғындар "Тоқаев бүгін ғана бейбіт жиынға шыққандар жазаланбайды деп айтты емес пе? Не істеп тұрсыңдар?" деп айқайлады. Арнайы жасақ мұнда 30-дан астам адамды ұстап әкетті.
Парламент сайлауы өтіп жатқанда Нұр-Сұлтанда Жастар алаңының маңында да полиция кемінде 6 адамды ұстады. Жастар алаңы - Әблязов "митинг орны" ретінде белгілеген қаладағы алты орынның бірі. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілері ол жақта тұрғындардан гөрі полицияның көп жүргенініне куә болды.