Bugin

Жастардың сүйіктісіне айналған Tik Tok желісінің танымалдығы

Бүгінгі күні Tik Tok желісін қолданушылар саны күннен күнге артуда . Олардың қатарында осы желі арқылы танымалдыққа ие болып, табыс тауып жатқан жандар жетерлік. Бұл желіні жиі пайдаланушылар қатары- жастар қауымы.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

      Қазіргі уақытта әлеуметтік желінің қарқыны ұдайы өсіп жатыр. Instagram, Facebook секілді желілердің қатарына жаңадан Tik Tok бағдарламасы қосылды. Аз уақыттың ішінде өз аудиториясын жинап, адамдардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың табыс табуына үлес қосып жатыр. Ән және би – Tik Tok-тың формуласы. Тіпті, осы желі арқылы танымалдыққа ие болып жатқан жандар қаншама?!
 

Солардың ішінде еліміздің жастары да бой көтеріп келеді. Мәселен, кеше ғана отандық БАҚ-қа танылып үлгерген жас тиктокер Әбдіқадыр Наурызбек. Жамбылдық өрен небәрі 15 жаста. Күнделікті ауыл тіршілігінің бейнесін көрсету арқылы  біраз жанның ықыласына бөленді. Қарапайым шопан кішкентай, жаңа туған қозы-лақтардың да ерекше сәттерін көрермен назарына ұсынады. Қазір Әбдіқадырдың Тик Ток парақшасында 2 миллионнан астам көрермен бар.

       Тик Ток желісінде бүгінгі күні “house” ұғымы пайда болған. Оның мағынасы – бірнеше адамнан құралған топ бірігіп контент жасайды. Онымен қоса, олар хаустарына белгілі бір атау қояды. Мысалы «Savage House» , «Bip House» т.б.  Бұндай контент жасаушылар елімізде аз емес. Солардың ең танымалдарын қарастырып өтейік. Бірінші кезекте, отандық телеарналарда сұхбат беріп, жастардың сүйіктісіне айналып үлгерген – «Bip House». Құрамында 10 адам бар. Жастары 16-21 аралығын қамтиды. Әртүрлі қызықты видео түсіріп, әлем елдерінен де көрермен жинай білген. Қазіргі кезде Тик Токта 9 миллионнан астам тіркелушілері бар. Видеоларын тіпті 30 миллиондай адам көріп, пікір қалдырған. Екінші бізде – «The Yolo House». Алдыңғы топтан айырмашылығы,  бұл топ көңілді әуендерге билеуге көп назар аударса, ал “Bip House” көбіне қызықты ойындарымен көпке танымал. Елімізде бұдан бөлек топ жетерлік. Олардың көбісі Алматы қаласында орналасқан.

       Тик Ток желісі елімізге кеше ғана келгенімен, көп жанның көңілінен шыға білді. Бұл желіні кейбіреуі жәй көңіл көтеру үшін қолданса, екіншілері табыс көзі ретінде пайдаланып жатыр. Солардың бірі - Сұлушаш Ардаққызы. Тик Токтың әртүрлі тренді арқылы танымал жұлдыздармен жұмыс істеп жатыр. Тіпті, Сұлушаштың арнайы курсы да бар. Ол курсында Тик Ток парақшаны  дамыту жолдары,тіркелушілер санын көбейту нұсқалары деген секілді т.б қызықты сабақтары бар.

      Қорытындылай келе, біздің қоғамда Тик Ток желісіне деген көзқарастары екі түрлі жандар бар. Біріншісі бұл желіні мазақ әрі жәй бос уақытқа арналған баланың ойыны деп қараса, екіншілері танымалдыққа қол жеткізетін, табыс табатын көз деп ойлайды. Әрине, танымалдықты жаман деп айта алмаймыз. Бірақ, оның да өз шекарасы бар екенін ұмытпайық. Табыс табамыз деп өз құндылықтарымыздан айырылып қалмайық. Сондықтан бұл желіні тек игі нәрселерге, адамдарға пайдалы дүние үйретуге, дұрыс бағыт бағдар көрсетуге қолданайық достар!

 

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін