Bugin
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Дінмұхаммед Қонаевқа ескерткіш орнату ұсынысын қолдады. Ескерткіш 2022 жылы Тараз қаласында Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына арнап қою ұсынылған. Бұл туралы Bugin.kz платформасы «Еңбек туы» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде Таразда Қонаевтың бюсті орнатылған. 2019 жылы бюст қайта қалпына келтірілді. Бюст орнатылған саябақ абаттандырылды.
Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, ардагер журналист Баттал Жаңабаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметова, академик Өскенбай Мәдиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәжілістің экс-депутаты Әмзебек Жолшыбеков Сапарбаевқа бюстті толыққанды ескерткішке айналдыру туралы ұсыныс жолдады.
"Сапарбаев ұсынысты қолдап, жауапты органдарға тапсырма берді" делінген мақала мазмұнында.
Сондай-ақ мақалада "Қонаев әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алды. Ұлы адамның өмірі мен сан түрлі қызметі жасампаздық дәуірінің символына айналды. Оның есімі қазақ тарихының алтын қорына енді. Қазақ халқы өмір сүруін тоқтатпайынша Қонаев есімі жадымызда сақталады" деп жазылған.