Экономика
2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы жасалды
ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Primerminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2020 жылы өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, нақты сектордағы өсім Қазақстанның ұлттық экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 3,9 пайызға, оның ішінде металлургия өндірісінде 2,6 пайызға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 4 пайызға, фармацевтикада 47 пайызға, машина жасауда 16,3 пайызға, оның ішінде автомобиль жасауда 52,5 пайызға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте 15 пайызға өсім қамтамасыз етілді.
Құрылыс көлемі 11,2 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8 пайызға немесе шамамен 15,3 миллион шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,6 пайызға тұрақты өсім қамтамасыз етілді.
ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері 2020 жылғы 31 желтоқсанда $94,4 миллиард болып, бір жыл ішінде $3,6 миллиардқа көбейді.
"2020 жыл сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз оларды еңсере алдық. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет", - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер егжей-тегжей қаралатынын мәлімдеді.