Экономика

Назарбаев мектебін асырау үшін бюджеттен қанша қаржы жұмсалады?

Автономиялық білім беру мекемесі неге министрліктен қаржыландырылады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда білім саласына жұмсалатын қаржының басым бөлігі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев университетін асырауға кетеді. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы заңынан көруге болады.

Мәселен, бюджеттің шығындары туралы аталмыш заңда Назарбаев Университетіне үш жылға 184,2 млрд теңге бөлінгенін көреміз. 2020 жылы Білім министрлігінің бюджеті 806 млрд теңге болса, оның 55,3 млрд теңгесі (Денсаулық министрлігімен қосып) Назарбаев Университетіне бөлінген.

Қаржының басым бөлігі Назарбаев Университетінің 2013-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасына (8 млрд теңге) жұмсалатын көрінеді.

Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің үш жылға есептелген шығыны – 66,3 млрд теңге.

Оның ішінде:

2020 жылға – 26,4 млрд теңге

20212 жылға – 19,9 млрд теңге

2022 жылға – 19,9 млрд теңге

Бұл қаржы мектепті дамыту мен білім беру ортасын қалыптастыруға жұмсалады. Мұнда да бюджеттің басым бөлігі мектептің стратегиялық дамуына жұмсалу көзделген екен.

Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебінің қаулысында ҚР Үкіметіне қарасты мемлекеттік басқарудағы орган деп көрсетілген. Алайда бұл қос білім беру ордасы Білім және ғылым министрлігінен мониторингісі мен бақылауынан толық босатылған. Тіпті, НЗМ-нің оқушылары министрлік бекітіп берген ҰБТ-ны да тапсырмайды. Алайда неге екенін белгісіз, ол тікелей министрлік тарапынан қаржыландырылады.

Сондай-ақ, НУ-дың да, НЗМ-нің де ресми сайтында ұйымның кірісі мен шығыны жайлы қаржылық есептері жоқ. Сондықтан қазақстандықтар салық қылып төлеген қаржының қайда кетіп жатқанын көре алмайды.