Қоғам

Сақ болыңыз! OLX-тағы алаяқты қалай тануға болады?

OLX.kz қолданушыларына қатаң ескертеді!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

-Сәлеметсіз бе! Жарнама бойынша жазып тұрмын. Кроссовки сатылып кеткен жоқ па?

-Сәлеметсіз бе! Жоқ.

- OLX-тың жеткізу бөлімі арқылы Павлодар қаласына жеткізіп бере аласыздар ма? Төлемді бірден картаңызға жіберемін.

-Жақсы.

-(Белгісіз сілтеме жібереді  olxkz.com) Төлеп қойдым. Енді ақша түскен соң маған хабарын берсеңіз.

Әлгі сілтемені ашқан Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Дананың ойына күдік ұялайды. Кроссовкиін сатпақ болып OLX жүйесіне хабарландыру салып қойған еді. Көп ұзамай “сатып алушы” да жазды. Арадағы диалог жоғарыдағыдай өрбіді. Тіпті әлгі “сатып алушы” ақшасын төлеп қойғанын да айтады. Ал ақшаны алу үшін Дана сілтемедегі тиісті бағандарды толтыруы тиіс болған. Дегенмен 24 жастағы бойжеткен оның алаяқ екенін түсініп, нөмірді бірден қара тізімге енгізді.

Бұл бір ғана мысал. Ал күн сайын мыңдаған алаяқ қолына ұялы телефон ұстап-ақ мақсатын жүзеге асырып отыр. Бірі күдіктеніп, алаяқты бірден құрықтаса, бірі картасындағы ақшасынан айырылады. Мұндайда не істеу керек?

Қолдан келетіні – алаяқтың құрығына ілінбеу !

Осыған орай Bugin.kz сайтының тілшісі OLX жүйесінің атын жамылып, халықты алдап жүрген алаяқтардан сақтанудың жолдарын ұсынады. Ол үшін OLX әкімшілігіне әрі PR менеджері Латина Сатарованың көмегіне жүгіндік.

OLX ескертеді!

Жүйе ешқашан да ақша ұтып алғаныңыз жайлы хабарлама жібермейді.

Сізге olx әкімшілігінен ұтысқа ие болғаныңыз жайлы хабарлама келуі мүмкін. Яғни қандай да бір акция не жеңілдіктердің өтіп жатқанын айтып, сілтемеге өтуге кеңес береді. Мәселен, хабарламалар мынадай болуы мүмкін:

«Өзіңіз білетіндей, белсенді қатысушылар арасында ұтыс ойнатқанбыз! Есіңізге саламыз, бүгін соңғы күн, ақшаңызды мына сілтемеге өтіп алып кетіңіз. Ол үшін сілтемеге өтіңіз …».

«Компания басшылығы жарнама үшін сізге алғыс білдіреді! Сайтымыздың белсенді қолданушылары үшін бонустар тағайындадық. Сыйлықтарды алу үшін сізде 24 сағат бар. Сілтемеге өтіңіз....».

Алайда сайт әкімшіліктің мұндай хабарламаларға еш қатысы жоқ екенін ескертті. «Мұндай хабарламаларға жауап жазбаңыз! Сілтемелеріне өтпеңіз!» деп қатаң ескертеді.

Әдетте алаяқтар танымал әрі қолданысқа ие интернет-сайттарды пайдаланады. Оның бірі – сатып алу, сату сынды халыққа аса қажетті процесстерді жүзеге асыратын OLX. Бүгінде миллиондаған қазақстандық OLX арқылы тауар сатып не сатып алып, сайтты белсенді пайдаланып отыр. Өте ыңғайлы қосымша. Алайда халыққа жайлы қосымшаны пайдаланып, қулыққа басатындардың санында шек жоқ. Бір алаяқ ұсталса, екінші бірі пайда болады.

Статистика

Бүгінгі күні OLX.kz —  Қазақстанда 8,5 миллионнан астам нақты тұтынушылары ай сайын кіріп тұратын алаң. Орта есеппен әр 2 секунд сайын жаңа хабарландыру шығып тұрады.  Әрбір екінші қазақстандық ОLX.kz-ке кем дегенде айына екі рет кіреді.

Алаяқтың сізді қолға түсіру схемасы:

Қандай да заңды ұйымның атауын жамылып, сіз ұсынған тауарға қызығушылық танытады;

Сізден тауарды сатып алуға ниет білдіреді әрі ақшаны картаңызға жіберетінін ескертеді;

Әрі қарай алаяқтық үшін ашылған сайттың сілтемесін жібереді де, бос бағандарды толтыруыңызды өтінеді. Онда карта нөміріңіз, CVC коды, пароль және пин-код сынды бағыттар көрсетілген.

Егер бағандарды толтырып жатқанда қандай да бір қиындық туындаса, картаңызды екі жағынан да фотоға түсіріп жіберуіңізді өтінеді. Алаяқ үшін бұл да аса маңызды.

Қиын жағдайға тап болмас үшін

Сізге келген хабарламалардың контексіне және сілтеме атауының дұрыстығына көз жеткізіңіз;

Танымайтын адамға банк картаңыздың реквизиттерін жібермеңіз;

Күдік тудыратын сілтемелер мен хабарламаларды ашпаңыз;

Көпшілік пайдаланатын компьютерлерді қолданарда банк картасының мәліметтерін қалдырмаңыз;

Сатып алу және сату процестерін ел ішінде жүргізіңіз;

Western Union және өзге де анонимді төлем жүйелері арқылы төлем жасамаңыз;

Сатып алушы және сатушылармен тек OLX сайтында тілдесіңіз;

OLX жүйесінің ресми домені - https://www.olx.kz/

Онлайн сатылымдар үшін қосымша карта арнаңыз. Әрі картаға артық ақша сақтамаңыз.

Ұмытпаңыз!

OLX  жылжымайтын мүлік операцияларына қатыспайды

OLX-та жылжымайтын мүлік операциялары мен пәтер брондау қызметі жоқ. Әрі сайт арқылы төлем жасау қызметі де қарастырылмаған.

Алайда ондай қызметтерді сізге алаяқтар ұсынуы мүмкін. Яғни «жалған сайт» арқылы төлем жасауыңызды өтінеді.

OLX риелтор қызметін ұсынбайды

OLX атынан риелторлар тағайындалған жоқ. Егер сондай хабарламаны көзіңіз шалса, алаяқ екеніне сенімді болыңыз. Әрі байланысты үзіңіз!

OLX-та алдын ала төлем жасалмайды

Жылжымайтын мүлік аясында OLX пен клиент арасында мәміле болмайды, сол себепті мұндай қызметтер үшін төлем функциясы да қарастырылмаған. Сонымен қатар, клиент туралы жеке мәліметтер мен карта нөмірі де қажет емес. Алаяқпен болған хабарлама төмендегідей:

Жалған OLX сайттары туралы

Есіңізде сақтаңыз! OLX-қа тіркелу мен жарнамаларды қарау – тегін. Егер сайтты ашқан бойда алдыңыздан жарқ етіп телефон нөміріңіз бен банк реквизиттеріңізді сұрайтын терезе шықса, бірден жабыңыз. Ол сайт алаяққа тиесілі.

Схема төмендегідей жүзеге асады: Алаяқ OLX-ке ұқсас домен мен сайт ашады. Айырмашылық бір ғана символда болуы мүмкін, сондықтан халық мән бермейді. Сайт дизайны дәл OLX-тың ресми сайтының парақшасындай жасалған. Сайтты ашқанда, алдыңызда “телефон нөмір мен кодты теріңіз” деген терезе ашылады. Кодты теру арқылы сайттың сізге қатысты талаптарын орындауға мүмкіндік бересіз. Сізге күнделікті SMS-тер келіп отырады. Осылайша, шотыңыздан белгілі сома шешіліп отырады. Ал алаяқтар сіздің профиліңіз арқылы сізге қатысты бар мәліметпен қанығады.

Мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу ұялы байланыс операторына хабарласыңыз! Жалған сайтта тіркелген сізге қатысты мәліметтер базасын жоюға болады.

Астана қаласының прокуратурасы ескертеді!

Онлайн-сатылым жасарда абай болуыңызды сұраймыз! Арам ниеттілер мақсатын жүзеге асыру үшін танымал интернет-ресурстарын пайдаланып, сізді құрығына түсіруге тырысады.

Алаяқтық әрекеті үшін азаматтың мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Назар аударыңыз!

OLX-тың ресми домені: olx.kz

Мобильді нұсқасы: m.olx.kz

Сайт қолданушыларын қолдау орталығы: help.olx.kz

OLX-тың бизнес-аккаунты: name.olx.kz

Bugin.kz ескертеді!

Жас буыннан гөрі алаяқтарға көбіне егде жастағы адамдар алданып жатады. Жастар алаяқты оның жазбасынан-ақ тани алады.

Сол себепті үлкен кісілерге кішігірім кеңесіміз бар: Интернетте онлайн-сатылым жасағыңыз келсе, қызыңыз не ұлыңыз я болмаса немереңіздің көмегіне жүгініңіз! Алаяқтың айтқан талаптарын өз бетіңізше орындамас бұрын, жаныңыздағылармен ақылдасыңыз. Жаныңызда болмаған күннің өзінде, телефон шалып, бір кеңесіне құлақ асыңыз. Жасым үлкен деп намыстанбаңыз! Жаңа технологияны сізден гөрі жас буын жақсырақ меңгерген.

OLX әкімшілігіне хат!

Иә, сайт өте белсенді әрі үлкен қолданысқа ие. Алайда дәл осы сайттың атын жамылып, халықты алдап жүрген алаяқтар өте көп. Әрі бәрін бірдей қолға түсіру мүмкін емес. Ал OLX сайтын пайдаланушылардың көбі “қолданушыларды қолдау орталығы” турасында біле бермейді. Білген күннің өзінде кеш болады. Алданып, ақшасынан айырылған соң ғана белгілі бір көмекке жүгінеді. Сол себепті OLX әкімшілігіне кішігірім өтінішімізді жаза кетсек:

Сайтты ашқанда “Алаяқтардан абай болыңыз” деген хабарлама автоматты түрде шығып тұрса;

Әрі сол хабарламаны басқанда алданбаудың жолдары көрсетілсе;

Әр жарнамаға кірген сайын “алаяқтан сақ болу” туралы ескертулер шығып тұрса.

Миллиондаған халық бұл сайтқа сенеді әрі бас тартпайды. Сол себепті халықтың сенімін ақтау сіздердің жауапкершіліктеріңізде!

Рақмет