Құқық

«Ұлым педофил емес!» Жалғызбасты ананың жанайқайы біздің сотқа жете ме?

Жалғызбасты ана мен талдықорғандық жастар 12 жылға бас бостандығынан айырылған Дархан Бауыржанұлын ақтап алмақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Талдықорған қаласының тұрғыны Аятхан Жабықбаева 2020 жылдың 9 қарашасында сот шешімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылған баласының “жазықсыз сотталғанына” сенімді.

23 жастағы Алматы облысының тұрғыны Дархан Бауыржанұлы 2019 жылдың 5 желтоқсанында “он сегіз жасқа толмаған қызға зорлық әрекет көрсетті” деген айыппен тергеу бөліміне түсіп, артынша қамауға алынған. 8 айға жалғасқан тергеу ісінен соң 2020 жылдың 9 қарашасында сот шешім шығарды. Алайда сот шешіміне түбегейлі қарсы шыққан анасы мен жігіттің туыстары Bugin.kz журналисіне хабарласып көмек сұрады. Істің мән-жайын біз де анықтап көрдік. Не білдік?

Ана зары

Алдымен сотталған жігіттің жалғызбасты анасымен тілдестік:

-Ешбір ана баласын жамандыққа қимайды. Алайда өмірде түрлі жағдайлар болады. Сіз балаңыздың жазықсыз екеніне неге сенімдісіз? Дәлел бар ма?

-Иә, 8 ай бойы жинаған дәлелдің бәрі Дарханымның жазықсыз екенін көрсетіп отыр. Тиісті сараптамалар жасалды, куәгерлеріміз де бар. Қорғаушымыз да қолынан келгенін жасады. Соңына дейін сендік. Сот әділ шешім шығарады деп күттік. Бірақ сот төрешісі “12 жыл” дегенде төбемізден жай түскендей болды. Қатты таңғалдық.

-Оқиға қалай болды?

-4 желтоқсанда кешкі уақытта ұлым құлап, қатты жарақаттанып қалды. 5 желтоқсан қолы мен басы ауырып маза бермегендіктен Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға барып дәрігерлерге көрінеді. Сол қолындағы 3 саусағы сынған екен. Басынан да соққы алған. Күндіз дәрігерлердің қолы бос болмағандықтан, Дарханға операция кешке таман жасалды. Дәрігерлер наркоз арқылы баламның қолына гипс салып, басын дәкемен таңып берген. Операция аяқталған соң оны ауруханадан досы мен араласып жүрген қызы көлікпен алып қайтады. Көлік досы Қамбарға тиесілі. Алайда жолда ұлым мен қызы сөзге келіп, қыз көліктен түсіп үйіне қайтатынын айтыпты. Бірақ үйіне бармапты.

-Сабыр сақтаңыз! Әрі қарай?..

-Ұлым Қамбармен кетіп қалады. Жол бойында олар достарымен кездесіп, фотоға түсіп, сағат кешкі 21.00-де ұлым үйге келіп ұйықтап қалды. Оған біз куәміз. Себебі наркоздан кейінгі жағдайы мәз емес еді. Ертеңінде қайта таңуға бармақ болғанда тергеушілер келіп, Дарханды тергеу бөліміне алып кеткен. Себебі, қызы анасына “Дархан мені зорлады” деп айтқан екен. Анасы бірден арыз жазып, ұлым сол уақыттан бері түрмеде жатты. Сот шешімі 1 жылдан соң шықты. Ұлым... (жылап жіберді).

Біз де анасын қинамай, өзге деректерді іздеуге көштік. Дархан Бауыржанұлына ота жасаған дәрігерді таптық. Сол күні кезекшілікте болған медбике (аты-жөнін атауға тыйым салды) 5 желтоқсан сотталушыға ота жасалғанын растады.

“5 желтоқсан ол ауруханаға күндіз келді. Кешкі 16.00 шамасында жедел отаға алып кеттік, себебі сол қолындағы үш саусағы сынған. Егер саусақтары сынбаған болса опрерация жасамайтын едік қой. Және миы аздап шайқалған еді. Жергілікті наркозға жатқыздық. Біреуге күш қолданатындай жағдайда болған жоқ. Ертеңінде қайта таңуға келуі керек еді, ол содан соң келмеді.

Дарханды сырттай танимын. Біреуге қастық қылатындай жігіт емес”, - деп сөзін аяқтады медбике. Төменде көпсалалық ауруханадан алған растау анықтамасын да салып қойдық.

Адвокаттың айтқаны

Өкінішке орай, сот жабық процессте өткендіктен сотталушының қорғаушысымен жеке тілдесе алмадық. Журналистермен мүлде байланысқа шықпайтынын айтқан адвокатпен тек сотталушының анасы арқылы байланыстық.

40 жылдан аса заңгер болып келе жатқан қорғаушы да “сот шешімінің әділетсіз болғанын” айтып отыр.

“Бірнеше сараптама жасалды. Бәрі Дархан Бауыржанұлының ақталып шығуына дәлел ретінде ұсынылды. Алайда шешімнің неге басқаша болғаны түсініксіз. Ал сотталушы неге қамалды дегенде, тергеу барысында мойындау парағына қол қойып қойған екен. Бірақ онда не жазылғанын оқымаған. Тергеушілердің оған қандай жолмен қол қойғызғанын өзі де ашып айтпайды. Біз сонда да қарап отырмай биологиялық сараптамадан бастап, бәрін жасаттық. Тап-таза. Дархан Бауыржанұлы қызға тиіспеген. Сотталушы мен қыздың киімдері, бірге отырған көліктің орындары – түбегейлі тексерілді. Достары Дарханның сағат 21.00-ге дейін бірге болғанын, одан кейін үйіне апарып тастағанын айтып куәлік етті. Барлық қорытындыны сот ісіне апарып табыстадым. Бірақ шешім біз күткендей шықпады. Сот Дархан Бауыржанұлын ҚР заңнамасының 120 бабы, 3-бөлім, 1-пунктіне сәйкес “қыз зорлау” фактісімен айыптап, 12 жылға бас бостандығынан айырды”.

Бұл адвокат пен сотталушының анасы арасында болған диалогтан үзінді. Қолымызда аудио нұсқасы да бар. Алайда қорғалушы аты-жөнін айтуға әрі журналиспен байланысуға қарсы болды. Себебін біз де жіті түсіне алмадық.

Сотталушының достары үн қатты

Дархан Бауыржанұлын ауруханадан үйіне апарған Қамбар Оспанмен тілдесудің сәті түсті.

-Қамбар оқиғаны баяндап беріңізші? Сотталушы мен қыз бір көлікте болды, сіз де олармен бірге болыпсыз?

-Иә, жәбірленушінің түсініктемесінде “мен Дарханға көлігімді беріп, өз жөніммен кетіппін. Ал досым оны қаланың шетіне апарыпты”. Бірақ мен ауруханадан жаңа шыққан досыма көлікті берген жопын. Оң қолы гипстелген бала қалай рөлге отырады? Логикаға сүйену керек қой! Мен олармен бірге болдым. Досымды ауруханадан алып қайттық. Жанымда оның қызы да болды. Тек такси тұрағына жеткенде екі минутқа сыртқа шығып, қайта келгенмін. Бәрі тыныш болды. Қыз таксиге отырып, үйіне қайту үшін түсіп қалды. Ал Дархан екеуміз жолдан балалармен кездестік те, әрі қарай үйіне апарып тастағанмын. Тіпті сол кезде түскен фото да бар.

-Сотталушы мен жәбірленуші сөзге келіп қалып па еді?

-Иә, өз араларындағы кішігірім проблема. Қатты ұрыс болған жоқ.

(Дархан Бауыржанұлының 2019 жылдың 5 желтоқсанында түскен фотосы)

Қамбармен сұхбаттасқан соң сотталушының өзге де достары өз еріктерімен түсініктеме берді. Тіпті әлеуметтік желіде видео жариялап, достарына араша түсті.

Сотталушының анасымен жалғасқан сұхбат

 -Қыз үйіне қайтпады дедіңіз. Сонда қайда барған?

-Оны білмейміз. Әйтеуір түсініктемесінде “оқиға 21.00-21.30 аралығында болды” деп айтыпты. Бірақ ұлым ол уақытта үйде болды ғой. Оған достары да, біз де куәлік етеміз. Қыз арыз бергенде жасы 17-де еді. Тек 2020 жылдың қаңтарында әлде ақпанында 18-ге толды. Оған дейін қыздың орнына анасы түсініктеме беріп келді. Ал кейін қыз өзі қатыса бастады. Бірақ бір де бір түсініктемесі шындыққа жанаспайды. Қыз “Дархан мені апарды” деген мекенжайға қорғаушымыз өз аяғымен барып көрді. Ондай жер жоқ болып шықты. Оқиға болған уақытты бірде 21.00 дейді, бірде 19.00 дейді. Түнде құрбысының үйіне барғанын айтыпты. Бірақ ол да сараптама нәтижесінде жалған болып шықты. Оқиға 5 желтоқсан болды дейді де, 6 желтоқсан WhatsApp желісі арқылы ұлыммен еркін сөйлескен. 

(WhatsApp-тағы сотталушы мен жәбірленушінің диалогы қолымызда барын ескертеміз. Жігіт қыздан үйіне қайтуын, анасы мен ағасының уайымдап отырғанын айтып өтінген. Ал жігіттің "қайдасың?" деген сұрағына қыз "құрбымның үйіндемін" деп жауап берген)

-Қорғаушымен дұрыстап сөйлесе алмадық. Қандай айғақ жинадыңыздар?

-Біріншіден, биологиялық сараптама жасалды. Нәтижесінде, Дархан мен әлгі қыз ешқандай қатынасқа түспеген. Телефондары арқылы кім, қай уақытта, қайда болғаны тексерілді. Дарханның қала сыртына шықпағаны, 21.00-де үйде болғаны анықталды. Ал қыз құрбысының үйінде болмай шыққан. Қайда болғаны істе көрсетілген шығар, бізге оны көрсетпеді.

Ұлымның физикалық жағдайы да ескерілуі керек болған. 4 желтоқсан күні алған жарақаттары әсерінен 5 желтоқсан қолы гипстеліп, басы дәкемен таңылған. Ал сондай жағдайдағы адам қалай өзгеге күш көрсете алады? Қолымызда аурухана дәрігерлері берген анықтама да бар. Мұнда ұлымның шынымен қолы сынғаны әрі ота жасалғаны көрсетілген.

-Барлық дәлел сотталушыны ақтап тұрса да, сот Дарханды неге сүйеніп бас бостандығынан айырды?

-Олардың қолында Дархан қол қойып берген “мойындау парағы” мен қыздың түсініктемесі ғана бар. Қайталап айтамын, Дархан қол қоярда қағазды оқымаған. Оқитын, тергеушілерге қарсы сөйлейтін шамасы да болмаған. Себебі басы, қолы ауырып, мазасы қашып жүрді ғой. Оның әлсіздігін әлгі тергеушілер пайдалануы мүмкін.

Біз жинаған барлық қорытындылар, дәлелдер сот ісіне тапсырылды. Қорғаушымыз жақсы жұмыс істеді. Бірақ шешім біз күткендей болмады.

(Анасы жылап жіберді).

13 жыл бұрын күйеуінен айырылған Аятхан Жабықбаева ұлын ақтап алу үшін соңына дейін күреспек. Осы орайда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап видеоүндеу жариялапты. Оны біз де салып қойдық.

Жоғарыда көрсетілгендей, деректерді жинай келе Алматы облыстық соты мен прокуратурасына сұрау хат жолдадық.

Айта кетейік, ҚР Заңнамасының 120-бабы 3-1 тармағына сәйкес, зорлау әрекеті кәмелет жасқа толмаған адамға қатысты жасалса, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Гүлім Жақан