Bugin

Данияр Әшімбаев: "Nur Otan" партиясының әкімдеріне елдің көңілі толған емес

Ашкөздік пен қомағайлық, біліксіздік көрсетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Nur Otan" партиясынан шыққан аймақ әкімдеріне деген халықтың ашу-ызасы өршіп барады. Биылғы парламент сайлауында билік партиясының аз дауыс жинауына да осы себеп. Мұны Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев ИАЦ басылымына берген сұхбатында айтты.

Саясаттанушының айтуынша, елдегі әлеуметтік мәселелер жыл өткен сайын ушығып барады. Қордаланған мәселе шаш-етектен.

"Ал аймақтағы билік кімнің қолында? Әрине, "Nur Otan-ның" облыстық филиалының төрағалары – әкімдердің тізгінінде. Ал әкімдердің карантин кезінде қандай оңбаған дүниелерге барғанын білеміз. Ашкөздік пен қомағайлық, біліксіздік көрсетті. Үлкені де, кішісі де сондай", - дейді Данияр Рахманұлы.

Пандемияны тоқтату мен карантинді түзету бірде-бір әкімнің қолынан келмеді. Қауқарсыз қалды. Көбі тіпті елді аман алып қалуға тырыспады да.

"Бұдан кейін халық қалай әкімдерге сенеді. Мәселен, Алматы қаласы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімі жайлы жарты жылда бір-бірде жақсы сөз естімедім. Елдің ашу-ызасында шек жоқ. Әкімдер де, орынбасарлары да шетінен білімсіз, жемқорлыққа белшесінен батқан", - деп бағалады саясаттанушы.  

Жақында "Стратегия" қоғамдық орталығы аймақ әкімдерінің рейтингісін жасаған. Сонда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының, Маңғыстау облысының әкімдері рейтинг жинай алмай, ең артында қалды.

"Сайлау кезінде дәл осы өңірлерде "Nur Otan" ең аз дауыс жинады. Бұған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Күлгіновтің, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовтың тікелей кінәлі", - деп түсіндірді ол.