Білім және ғылым
«II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын…»
Ведомствоаралық комиссияның осы бір шешімі студенттерді дүр сілкіндіргені анық. 15 наурызда 2 аптаға карантин жариялаған кезде жылдың соңына дейін қашықтықтан оқыту болады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген болатын. Карантин режимі барлық қазақстандықтың өмір сүру дағдысын өзгертіп, білім беру саласын да айналып өтпеді.
Төтенше жағдай режимінде студенттердің қашықтықтан білім алуы қалай жүргізілді? Қашықтан оқу барысында қандай қиындықтар болды? Қашықтықтан оқу білім сапасына қалай әсер етті? Заманауи технологияның сапасы, оқытушылардың шыдамдылығы, шәкірттердің жауапкершілігі, жалпы елдің қашықтан оқу мүмкіндігінің деңгейі сыналатын уақыт қалай өтіп жатыр?
Онлайн оқытудың жақсы жақтары мен жағымсыз жақтары да бар. Уақытты үнемдеп, жақындарыңның жанында жүргенге не жетсін. Сабақта бөлек басқа шаруаларға да үлгеруге болады. Дегенмен, онлайн оқыту көп студенттің көңілінен шықпағаны рас. Себебі, студенттер компьютерден басын ала алмай қалды. Ашығын айтқанда, техникаға тәуелді болып қалды.
Әдеттегідей көзбен көріп, білгеніңді бөліскенге және білмегеніңді мұғалімнен сұрағанға ештеңе жетпейтінін мойындаймыз. Қашықтықтан оқыту Zoom, Teams сияқты түрлі қосымшалар арқылы жүргізіліп жатыр. Ауылдағы студенттерге қиын, өйткені интернет байланысы өте нашар. Кейбір айтылған сөздер дұрыс естілмейді. Жіберген құжаттарынның жүктелуі де қиын.
Әрине, мұғалімдер мұндай жағдайда студенттерге түсіністік танытады, алайда барлығы бірдей емес. Байланыстың нашарлығынан үлгерімі төмендеген студенттерді де естіп жүрміз. Кейбір студенттер қашықтан оқытуға мүлдем қатысып жатқан жоқ. Онлайн жүйені қосып қойған студенттің бәрінің назары сабақта болады деуге жарамайды. Өзінің видео және аудиоқоңырауын өшіреді де мұғалімнің айтып жатқан лекциясын тыңдамай, ойы басқа жақта немесе үй тірлігімен айналысып жүруі мүмкін.
Ал университеттің залында бар назар мұғалімде болады, ауызша айтқаны студенттерге де жақсырақ әсер етеді. Бұдан бөлек, денсаулыққа да кері әсері бар екенін айта кеткен жөн. Ұзақ уақыт гаджет, ноутбук, компьютер алдында отырған адамның көзінің көруі нашарлайды, көп отырғаннан дененің ауырсынуы да байқалады.
Жалпы қазіргі уақытта көпшіліктің көкейінде бір ғана үміт, сенім. Ол басқа түскен індеттен құтылып, күнделікті қарапайым өмірімізге оралу, дәстүрлі түрде оқытуға толықтай көшу. Сол күнге барлығымыз деніміз сау болып, аман-есен жетейік.