Bugin
Кремль билігінің Навальныйға шамасы келмейді
Бүгін, 18 қаңтар күні, Германияда емделіп, еліне оралған Ресей оппозиционері Алексей Навальныйды Шереметьево әуежайынан ұстап әкетті. Соңғы деректерге қарағанда, қазір ол Химки қаласындағы изоляторда жатыр. Адвокаты оның 30 күнге қамалғанын айтады.
"Новичок" уынан аман қалған Навальныйдың елге оралуы әлемдік БАҚ пен саясатта дүрбелең мен қызу талқылау тудырды. Навальный жайлы ақпарат халықаралық басылымдардың бірінші бетіне жайғасты. Халықаралық ұйымдар да бұған қызу пікір білдіруде.
Ұлыбританияның Guardian басылымының жазуынша, Навальныйдың тағдыры енді орыс билігінің тікелей қолында.
"Бұған дейін соттауға, қамауға, өлтіруге тырысқан билік енді қатаң шараларды қолға алуы мүмкін. Оны көзін құртудың жалғыз жолы қалды: ол – саясаткерді Ходорковскийді қамаған сияқты ұзақ жылға түрмеге тоғыту. Навальный еліне келу арқылы Путинге ашықтан-ашық соғыс ашты. Одан қорықпайтынын көрсетті. Ал Кремль билігі енді Навальныйды толық құрту үшін барын жасайды", - деп ой қорытады басылым тілшісі Эндрю Рот.
Ал New York Times басылымы Шереметьево әуежайында болған жағдай екі нәрсені нақты көрсетті дейді.
"Біріншіден, Навальныйдың қандай батыр адам екенін көрсетсе, екіншіден Путиннің одан қаншалықты қорқатынын байқатты. Сондай-ақ, Навальныйды күтіп алуға келген, наразылыққа шыққан жұртқа қарап Ресей билігінің шындап жүрексініп қалғаны көрінді", - деп жазады басылым.
Independent басылымының жазуынша, Кремль билігінің бүгінгі әрекеті – кәдімгі театр. Навальный келе жатқан ұшақтың бағытынан жаңылдыру – ақылға сыймайтын әрекет.
"Ал Навальныйдың Ресейге оралуы – 1917 жылы Лениннің Петроградқа оралғаны, Нельсон Манделаның нәсілдік саясатқа қарсы күрескені сияқты тарихи оқиға", - деп сипаттайды басылым.
Францияның таралымы жағынан екінші орындағы Le Monde басылымы Навальныйды "Владимир Путиннің қас жауы" деп атайды. Әрі француз билігі тарапынан оппозиционерді босатуын талап етті.
Ал Ресейдің Сыртқы істер министрі Мария Сахарова Фейсбуктегі парақшасында шетелдік шенеуніктерді Ресейдің ішкі мәселесіне араласпауын, өз жұмысымен айналысып, бәрін жайына қалдыруын талап етті.
Washington Post басылымының жазуынша, Навальныйды түрмеге қамау елдің үлкен наразылығын тудырары хақ. Оның атақ-абыройын арттырып, Владимир Путиннің атына кір келтіреді.
"Оның үстіне, наразылық шаралары үдейді", - деп түсіндіреді басылым.
Немістің Deutsche Welle басылымының жазуынша, ресей билігі Навальныйды барынша у-шусыз күтіп алып, бәрін дымын білдіртпей тыныш аяқтағысы келді. Сол үшін Мәскеудің әуе жолдарын ашып, әуреге түсті.
"Алайда бұдан түк те шықпады. Навальныйды қаһарман сияқты күтіп алды. "Сасқан үйрек артымен жүзеді" демекші, оқиғаның арты шуға айналғандықтан, билік не істерін білмей, қамаудан басқа амал таппады. Содан наразылықа да күшейді. Билік дәл Навальный сияқты саясаткерден қорқады. Өйткені оны ресейліктердің 70-80 пайызы таниды әрі қолдайды. Батыс саясаткерлеріне де жүзі таныс. Еуропа билігінен қолдау алған адам. Ең қиыны сол – Кремль билігінің Навальныйды ауыздықтауға шамасы келмей қалды, тізгінінен босатып алды", - деп жазады басылым.