МӘДЕНИЕТ
2020 жылы ел мәдениетіне үлес қосқан біраз тұлғалардан айырылдық, олардың ішінде кино майталмандары да бар. Бүгін біз кино саласында еңбек еткен ардақты азаматтарды еске алғымыз келеді.
Мұрат Мұқашев актер ғана емес, каскадерлігімен де біраз белесті бағындырған адам еді. Оның кинодағы карьерасы 90 жылдары басталды. Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер», Сатыбалды Нарымбетовтың «Омпа» картиналарында көрінді. Кейін біраз отандық боевикте антагонистердің рөлін ойнады.
Мұрат ат үстінде өнер көрсетуді, семсерлесуді және садақ атуды жетік меңгерген еді. Көп жыл бойы халықаралық статусы бар «Nomad Stunts» каскадерлер тобының құрамында жұмыс істеді.
Бір-екі халықаралық жобаға да қатысты. Атап айтқанда «Марко Поло», «МакМафия» сериалдары бар. Ал соңғы басты рөлдерінің бірі «Всемогущий» youtube-сериалында болды.
Мұрат Мұқашев 51 жыл өмір сүрді. Өліміне пневмония себеп болған. Артында жары мен үш баласы қалды.
Комедия шебері Дархан Дайырбек 7 шілдеде қайтыс болды. Бұл актерді біз соңғы жылдары Нұртас Адамбайдың картиналарынан, басқа да заманауи комедиялардан көріп жүрдік. Десек те шығармашылық өмірінің біраз бөлігі Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтті. Көрермендер оны, сондай-ақ, «Күлкі керуені», «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрларындағы қойылымдар арқылы да біледі.
Талантты актер бала кезінен өнерге жақын болған екен. Мектеп жасында домбыра сыныбына барған, оркестрде ойнаған. Алғашқы скетчтерін 7 сыныптан бастап қоя бастаған. Сол кезден бастап оның өмірі сахнамен байланысты болатынын өзі де, өзгелер де анық түсінген.
Кәсіби сахнадағы алғашқы жұмысы филармонияда ансамбль конферансье болды. Ал жоғары білімді Қазақ ұлттық өнер академиясында алды, оны 1994 жылы аяқтады.
Әріптестері оны көңілді, мейірімді, ақкөңіл адам деп суреттейді, жауапты қызметкер, кез келген рөлді алып шыға алатын кәсіпқой болғанын айтады. Актер 52 жаста дүние салды.
10 шілдеде режиссер Қалдыбай Әбеновтың қайтыс болғаны белгілі болды. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмімен белгілі.
Қалдыбай Сейітбатталұлы 1951 жылы Шымкент өңірінде дүниеге келген. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссура бөлімінде оқыған. Студент кезінде қысқаметраж фильм түсірді.
Оның қолынан «Поручик Батырхан» және «Шәкәрім» деректі картиналары шықты. Ол, сонымен қатар, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында да оқытушы болды.
Ал оның шығармашылығының басты еңбегі - «Аллажар» көркем фильмі еді. Басты рөлде Ақан Сатаев ойнаған картинаға режиссер сегіз жылын жұмсады.
Бұл адамдар көрермендерінің есінде жарқын, ерекше образдарымен, Қазақстан киносының жаңа сатыға көтерілуіне үлес қосқан тұлғалар ретінде қалады.