Bugin
Қазақстанды кризистен шығара алатын адам бар ма?
Асқар Мамин – үшінші рет премьер-министр болған тұлға. Ал ол басқарған үкімет қазір қиын жағдайда тұр. Мұндай дағдарыс Қазақстанда 20 жылда болған емес. Ендеше, Мамин бастаған министрлер кабинеті елді әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шыға ала ма?
Аталмыш сауалға жауап іздеген сарапшы Егор Васильев Асқар Маминнің ендігі абыройы мен атағы елді коронавирус дағдарысынан алып шығуына тікелей байланысты екенін айтады.
"2020 жыл Қазақстан үшін экономикалық жағынан ауыр жыл болды. Экономикалық дамуы жыл сайын 4%-дан кем түспейтін елдің былтырғы көрсеткіші 2,6%-ға дейін төмендеп кетті. Бірақ кризис басталарда экономика бұдан да төмен құлдырауы мүмкін деп болжам жасалған еді. Алайда ондай болмады. Жұмыссыздық та сол күйі. 2019 жылдың соңында жұмыссыздық көрсеткіші 4,8% болса, былтыр 5%-ға көтерілді. Бұл – айтарлықтай көп емес. Бірақ жылдық инфляция біршама құлдырап кетті – 7,5%-ға дейін түсті. Оған дейін 5,4% болатын. Ал халықтың шынайы табысы 4,8%-ға төмендеп кетті. Соған қарамастан Тоқаев Маминнің "негізінен тиімді жұмыс істегенін" тілге тиек етіп, оны үкімет басына қайта әкеледі. Сол арқылы Тоқаев қазіргі Қазақстан экономикасын кризистен алып шығар басқа адам жоқ дегендей емеурін танытты", - деп баға береді сарапшы.
Дегенмен Мамин – қазақстан премьер-министрлері арасында ең әлсізі. Даниал Ахметов үкімет басын басқарған жылдары ЖІӨ көлемі 9,3%-ға дейін, Кәрім Мәсімов кезінде 7,4%-ға дейін өсті. Әзірше, Қазақстанның ең табысты премьер-министрі Даниал Ахметов болып тұр.
Маминді "қамшылау"
Сарапшының айтуынша, Асқар Мамин Тоқаев артқан міндет пен үмітті ақтауы және парламентте өзіне қарсы шыққандарға мықты екенін дәлелдеуі қажет. 15 қаңтар күні өткен мәжіліс отырысында Тоқаев премьер-министр лауазымына Асқар Маминді ұсынған кезде, 99 депутаттың 78-сі ғана қолдаған еді. 21 депутат дауыс бергісі келмеді. Мәселен, Нығматуллинді мәжіліс палатасының спикері болуына бүкіл депутат қауымы бір ауыздан дауыс берген. Оның жанында Маминдікі аздау.
"Тоқаев депутаттың дауыс бермеуі – Асқар Маминді қолдамауы емес деп жағдайды жылы жапқысы келді. Бірақ депутат Қоңыров, Қазақстан халық партиясының өкілдері Маминді ашық сынағанын білеміз. Олар Маминнің елді коронавирус дағдарысынан алып шыға алатынына күмәнді. Сондықтан Асқар Мамин сөздің бәрін қойып, ісімен дәлелдеуі керек", - деп түйіндейді сарапшы.