Денсаулық

Гастриттен емделу жолы

Гастриттен сақтанудың және емделудің бірден-бір жолы - сау тамақ жеу

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Гастрит – кең тараған аурудың бірі. Үлкені де, кішісі де жиі шалдығады. Кейде гастритке шалдыққанымызды аңғармай қаламыз. Ендеше гастритті өзіміз анықтаудың жолы қандай екен? Оған шалдықпау үшін не істеу керек? Одан емделу үшін қандай ем-дом жасаймыз? Соған тоқталып өтейік.

Гастрит деген не?

Гастрит – асқазанның шырышты қабығының қабынуы, содан қорыту жүйесінің бұзылуы. Бұл ауру бірден пайда болмайды, жылдар бойы дұрыс тамақтанбаудың кесірінен болады. Кейде белгілері байқалмауы да мүмкін. Жас келе байқалады.

Статистикаға сүйенсек, асқазаны ауыратын он адамның 8-і – дәл осы гастритпен ауыратындар.

Себебі мен белгілері

Гастритке әкелетін басты себеп – бұл дұрыс тамақтанбау. Ішімдік ішу, шылым шегу, қуырылған, тез дайындалатын тағамдарды жеу, жиі тойып тамақ жеу, күйзеліске түсу, радиация мен паразиттің түсуі – осының бәрі гастритке әкеледі.

Ауруға шалдықтыратын тағы бір нәрсе – дәрі ішу. Химиялық заттар мен дәрілерді ұзақ уақыт бойы ішу де гастритке әкеледі.

Гастриттің белгілері:

- Асқазан ауырады

- Құсу

- Жүрек айну

- Қыжыл

- Тәбеттің қашуы

- Әлсіздік

- Көп кекіру

- Асқазанның кеңеюі

Гастриттен үйде емделудің жолы

Гастриттен емделудің бір жолы – дұрыс тамақ ішу. Әсіресе, қуырылған тағамдарды жемей, асылған, су мен буға пісірілген тағамдарды жеу.

"Ішімдік ішу мен шылым шегуді тастау керек. Асқазан секрециясына зияны тиетін тағамдар жеуді қою қажет. Мұндай тағамдарға қуырылған, ащы, майлы тағамдар, кофе, ішімдік, қышқыл сүт өнімдері жатады. Жемістің рационын көбейту қажет. Арнаулы диета ұстаған жөн. Өмір салтын өзгертіп, спортпен, физикалық жаттығулар жасаған дұрыс. Сау ұйқы да аса маңызды", - дейді гастроэнтеролог Светлана Грук.

Дәрігердің айтуынша, гастриті бар адамдар күніне аз-аздан 5-6 рет тамақтанғаны дұрыс.

"Буға, суға пісірілген, асылған тағамдар пайдалы. Тағамға дәмдеуіш қоспаған да жөн. Балық еті асқазанға жеңіл. Оны буға пісіріп жеу керек. Өте ыстық не суық тағамды да ішпеңіз. Ұйықтар алдында сүт пен айран ішуге болады. Көкөніс пен жеміс-жидек қосылып қайнатылған сорпаның пайдасы көп. Ірімшік, қаймақ, айран, компот, сүт ішкен жақсы", - дейді дәрігер.

Гастритті емдеудің медициналық жолдары

Гастритке шалдыққан адамды дәрігер арнайы тексеруден өткізіп, емделудің жолдарын ұсынады.

Бірінші жолы – дәрімен емдеу. Дәрігер асқазанның қышқылын реттейтін дәрі мен асқазандағы бактерияны, паразиттерді құртатын препараттарды жазып береді.

Асқынған гастритті емдеу жолы – бұл асқазанды шаю. Процедура өткеннен кейін пациент бір тәулік тамақ жемейді. Кейін жеуге болатын тағамдардың тізімі беріледі.

Сондай-ақ гастритті шипажайға барып емдеуге де болады. Мұндай ем түрін дәрігердің өзі тағайындайды.