Әлем жаңалықтары
Трамп Флоридадағы ең үлкен резиденцияға қоныстанды
АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп пен әйелі Меланья Трамп Джо Байденді ұлықтау рәсіміне дейін Ақ үйді босатты деп жазады Bugin.kz платформасы.
Экс-президенттің аталмыш рәсімін америкалық арналар жарыса түсіріп, сайттар бірнеше фото жариялады.
РИА Новости хабарлағандай, ерлі-зайыптылар Ақ үйдің алдындағы көгалдан тікұшақпен ұшқан.
Трамп әуелі Эндрюс әуебазасына бет алған. Кейін Флорида штатындағы өзі тіркелген Палм-Бич қаласына тоқтады.
Айта кетерлігі, Флоридада Трамптың Мар-а-Лаго атты резиденциясы бар. Экс-президент әр демалысы мен мерекелерді сонда өткізген. Тіпті әлемдік көшбасшылар мен Жапония, Қытай пермьерлерін сол резиденцияда күткен болатын.
Резиденция штаттағы ең үлкен жекежай саналады. Атлант мұхитына жақын орналасқан ғимарат 1927 жылы салынған. Жекежайда 130 бөлме мен бірнеше қонақ үй бар. Ауласында хауыз әрі 5 теннис алаңы бар. Forbes-тің бағалауынша жекежай бағасы 160 миллион долларды құрайды.