ДАМУ

Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«50 жыл 6 ай  2 күн бірге өмір сүрдік», -  деп Димаш Ахметұлы сағынышпен еске алатын жан - оның өмірінің  тәттісі мен ащысын бірге көрген, адал махаббаты, әулетінің аяулы келіні, сүйікті жары - Зуһра Қонаева еді.

Зуһра Шәріпқызы 1916 жылы дүниеге келген. Ұлты - татар, он үшке келген шағында анасы қайтыс болып, әкесі басқа әйелге үйленеді. Әкесі ауқатты ноғайлардың бірі болған. Оқығаны, тоқығаны көп, орыс тілімен қатар, ағылшын, француз тілдерінен хабардар болған кісі. Зуһра Шәріпқызы өгей анасымен сыйыса алмай, үйінен кетуге мәжбүр болады. Он үш жасынан бастап өздігінен өмір сүруді үйренеді. Мінезді, мықты болып қалыптасуы осыдан болса керек. Ол өзінің Ғариф деген ағасын өте жақсы көрген. Ал ағасы Алматыда тұрған. Кейін ол ағасының шаңырағына келіп тұрады. Оны есепшілердің курсына оқуға жіберген осы ағасы. Орта білімді, есепші экономист мамандығын алып шығады. Димаш Ахметұлы болашақ жарын сол Ғариф ағасының үйінен алғаш көрген. Зуһра Шәріпқызы  Димаш Ахметұлынан төрт жасқа кіші болған. 

Танысу мен табысу 

Димаш Ахметұлы Балқашта жұмыс істеп жүргенде Алматыға кезекті еңбек демалысына келеді. Оның Махмұд Бақаев деген курстасының әйелі жартылай татардың қызы екен. Сол курстасының әйелі хат жазып,  Димаш Ахметұлы арқылы Алматыда ағасының үйінде тұрып жатқан Зуһраға  беріп жібереді. Алматыға келген Димекең әке-шешесімен көрісіп, хатта көрсетілген мекен-жайды іздеп барады. Есікті жап-жас, сұлу қыз - Зуһра Шәріпқызы ашады. Ал Димекең сұлу қызды бір көргеннен ұнатып, екеуі демалысты бірге өткізеді.  Демалысы өткен соң жұмысына кетеді. Келесі жолы Алматыға келгенде Зуһра Шәріпқызына үйленуге ұсыныс жасап, ол кісі келісім береді. Осылай 1939 жылдары екеуі отбасын құрады. 

Д.Ахметұлының туған қарындасы Роза Қонаева: «Өте жақсы әйел болатын. Жақсылығын көп көрдім. Жеңгеміз бізді, кішкентайларды ерекше жақсы көретін. Ол кісі үй шаруасын өте жақсы жүргізетін. Тамақтың неше түрін пісіретін, кейін жеңгемнен көп нәрсені үйренбегеніме өкініп қалдым. Мен еркелеп оны «Зина тәте»  деп атайтынмын. Ательеге барып бәрімізге бірдей кәстөм тіккізетін. Димаш ағамның ескі көйлегін сөгіп маған көйлек тігіп берген».

А.Асқаровтың әйелі Фатима Ғалиқызы: «Зуһра Шәріпқызы кішіпейіл, жайдары, қолы ашық, дастарқаны мол, көпшіл, қонақжай адам еді. Өзін ұлықтың әйелімін демейтін. Қолынан келмейтін ісі болмайтын. Ер - азаматты сыйлауды, қонақ күтуді Зуһра құдағиымнан үйрендім. Екеуінің бір-біріне  «Зүке», «Димеке» десіп, өзара  ілтипат білдіріп тұратындарына сүйсінетінбіз».

Аяулы жар.  Дана келін

Дінмұхамед Ахметұлы республиканың бірінші хатшысы, Саяси бюросының мүшесі болған уақытта  саяжайда тұрды. Сонда Димаш Ахметұлының  жұмыстан шығып,үйге қарай кетті деген хабар жеткенде  Зуһра ханым дастарқанын дайындап күтіп отырып, жолдасы үйге кірген беттен оның сырт киімін шешіп, тәпішкесін алдына қойып күтіп алады екен.

Ол кісі- ел ағасының, мемлекет қайраткерінің жары ғана емес, сырлас досы бола білген. Зуһра Шәріпқызы-  иманды жолды кір шалдырмай күткен кісі. Сол заманда қайын атасы Меңліахмет ақсақалдың жылы суын үзбей, бес уақыт намазынан, жұма сайын мешіттен қалдырмай, көңілінен шығып отырған. Қарияның өле-өлгенше риза боп кеткенін туыстары үнемі айтып отырады екен.

Ұлты татар болса да, қазақы салт-дәстүрді қатаң сақтаған бір әулеттің ибалы келіні ғана емес, бір үлкен елдің анасы болды.

Сонымен қатар  Зуһра Шәріпқызы қазақ тілін жетік білген. Түрлі мемлекеттік маңызы бар кездесулерден кейін, елшілерді, қонақтарды өзі күтіп, кез келген тамақты әзірлей алатын ісмер кісі болған. Ән салғанды жаны сүйген. 

Димаш Ахметұлы түрлі іс- сапармен ел, жер аралап кеткенде міндетті түрде кітап дүкеніне кіріп, жарына түрлі кітаптар сатып алған. Қоңырау шалып, әйелінің хәл-жағдайын сұрамаған күні болмаған. Зуһра Шәріпқызы әлем әдебиетін сүйіп оқып, оқыған кітаптарын үнемі жарына айтып берген.

Зуһра Қонаеваның бір көрегендігі ол кісі өмір бойы сатып алған заттары мен мүліктерінің чектерін, квитанциясын сақтап жүрген. Д.Қонаевтың үйін жоғары жақтан тәркілеуге келгенде, Зуһра Шәріпқызы өзі сақтаған чектерді көрсетіп, қарапайымдылығын дәлелдеген. Шынында да олар өте қарапайым кісілер болған.

Зуһра Қонаева өте балажан кісі болған. Алайда тағдырдың жазғанымен  жолдасы екеуіне бала сүю бақыты бұйырмай, Димаш Ахметұлы ұрпақсыз дүниеден өтті. Адал махаббатының арқасында үнемі жарын аузынан тастамай, жанында бірге бірге алып жүрген. Қандай биік сезім?! 

Ол кісі жастайынан қант диабетімен ауырған екен. Алайда, ешуақытта сыр білдірмеген. Өмірінің соңына қарай денсаулығы сыр бере бастаған. Соңғы жылдары Зуһра Шәріпқызы ауырып қиналғанда, Димаш Ахметұлы бір елі қасынан шықпаған. Тұп-тура елу жыл алты ай екі күн отасқан жары Зуһра Шәріпқызы дүниеден өткенде, қимастықпен қоштасып басына көк тасын орнатқан. Жарының жылдығында 1991 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде екі жеті бойы үйден шықпай қойған. Өмірінің соңына дейін аяулы жарын сүйіп өткен Димаш Ахметұлы 1993 жылы дүниеден өтті. Екеуі де адал махаббаттың символы!