Bugin

Медициналық сақтандыру қорының төрағасы қанша жалақы алады?

Cақтандыру қорының басқарма төрағалығында 5 қызметкер жұмыс істейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасы Болат Төкежанов кеше журналистердің қойған сауабынан жалтарып, қанша еңбекақы алатынын айтпаған еді. Алайда тілшілер сақтандыру қорының 2019 жылғы есебіне талдау жасап, қор қызметкерлерінің еңбекақысын есептеп көрді. Мұны Bugin.kz платформасы ҚазТаг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

"2019 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайға байланысты, сақтандыру қорының басқарма басшылығында төрт қызметкер бар. Оларға берілген сыйақының көлемі әкімшілік шығындарды есептегенде 76 млн 662 мың теңгені құрады", - делінген МӘМС есебінде.

Ал 2018 жылғы есепте топ-менеджерлерге берілген жалпы сыйақы 190 млн теңге болған. Ол кезде басқармада 8 қызметкер отырған.

"Басқарма басшыларының сыйақысына еңбекақысы мен демалыс ақысы, басқа да ішкі және сыртқы төлемдері енеді", - делінген құжатта.

2018 жылғы соманы 8 адамға бөлсек, 23 млн 752 мыңнан (немесе ай сайын 1 млн 979 мыңнан) шығады. Ал 2019 жылы әр қызметкер 19 млн 165 мың теңгеден немесе ай сайын 1 млн 597 мың теңге ақы алған.

Ал 2020 жылдың әзірше есебі жоқ. Бірақ сақтандыру қорының басқарма төрағалығында 5 қызметкер жұмыс істейтіні белгілі.

Бұған дейін Төкежанов, қор қызметкерлерінің еңбекақысы 2017 жылы белгіленген сомадан өспегенін айтқан еді. Ендеше топ-менеджерлердің екі жылғы табысының орташа есебін шығарып (жылына 21 млн 500 мың теңге, айына 1 млн 788 мың теңге), 5 адамға көбейтсек, қызметкерлерге кеткен өткен жылдың шығыны 107 млн теңге болады.

Ал бұл сома 2020 жылдың ең аз жалақы көлемі 42500 теңгеден 42 есе көп.