Bugin

«Жұмыссыз» миллионер

Жапондық жігіт екі жарым жыл ішінде кәсіби «жұмыссыз» ретінде жұмысқа орналасып, шамамен 30 миллион иен (121 миллион теңге) табыс тапқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жылы Седзи Моримото «жұмыссыз» ретінде жұмысқа орналасады. 37 жастағы Седзидің жұмыстағы басты міндеті – адамдармен уақыт өткізу. Яғни ақша үшін адамның жанына серік болып, бірге тамақ ішеді, бірге серуендейді, қиын жағдайда кеңес береді, бір сөзбен айтқанда, жалғыз қалдырмайды. Қазіргі кезде Моримотоның қызметінің ақысы 10 мың йен (40 000 теңге) тұрады. Одан бөлек жол ақы мен тамақтануды да қамтамасыз етуге тиіссіз.

Седзи Моримотоның айтуы бойынша барлығы твиттер парақшасына жариялаған жазбадан басталған. «Мен өзімді ештеңе істемейтін, жұмыссыз ретінде жалға беремін. Сізге дүкенге жалғыз бару қиын ба? Әлеуметтік орында сіз үшін кезек алып, күтетін адам керек пе? Кино көруге бірге баратын серік іздедіңіз бе? Мен оңай тапсырмалардан басқа ештеңе орындай алмаймын» деп жазған кәсіби жұмыссыз. Седзи Моримото алғашқы кезде қызметін тегін ұсынған. Кейін твиттер танымал болып, бұл қызметті іздеушілер қатары да көбейген. Сондықтан ол қызметі үшін арнайы баға қойып, ақысын алып отыруды шешкен. Әдетте, Моримото күніне 3-4 адамға серік болады екен.

Осыған дейін оны түрлі қызметке шақырған. Бірге тамақтануға, инстаграмға салу үшін суретке түсуге, көбелектерді аулауға, жұмыстағы қиыншылықтар туралы әңгімесін тыңдауға, тіпті, жалғыздықтан құтылу үшін де «кәсіби жұмыссыздың» қызметіне жүгінгендер бар екен.

Бірі өзінің адам өлтірген қылмысы жайында бар құпиясын айту үшін тапсырыс берсе, екіншісі өзіне суицид жасамақ болған бұрынғы мекен-жайға бірге бару үшін ақылы қызметке жүгінген.

Моримотоның жеке өміріне тоқталсақ, оның отбасылы екенін, жоғары білімі бар екенін және ол қарапайым физика пәнінің оқытушысы екенін атап өту керек.

«Жұмыссыздық» Моримотоға тек жақсы табыс әкеліп қойған жоқ, екі жыл ішінде ол кітап жазып, бір сериалдың басты кейіпкері ретінде таңдалды. Ал қазір оның твиттер парақшасында 268 000 оқырманы бар.

Ps. Седзи Моримото туралы оқып отырып сіз де өзіңіздің жұмыссыз екеніңізді парақшаңызға жазғыңыз келді ме?)