Қоғам
Қазақ халқына тән әдептер қандай?
Ата-бабаларымыз ертеден ұл-қыздарын сыпайылыққа, әдептілікке тәрбиелеген. Үлкен мен кіші, ер мен әйел, келін мен ата-ене секілді адамдар ортасына сыйластықты орнатқан. Соның бір көрінісі – "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем берген" мақалы. Осындай керемет әдептілік біздің де бойымызда болу керек. Ол үшін мен қарапайым, сақталуы тиіс 30 әдепті ұсынамын.
1. Танысын, танымасын үлкен кісіге сәлем бермей өтпейді.
2. Орынсыз жерде күлмейді.
3. Көпшілікке қарап түшкірмейді, есінемейді, кекірмейді.
4. Сыйланған затты қайтып алмайды.
5. Біреудің затына, малына, дүниесіне сұқтанбайды.
6. Асты жамандамайды.
7. Көлікпен келе жатып, малдың ортасымен өтпейді.
8. Ата-анаға қарсы сөйлемейді.
9. Қол жумай ас ішпейді.
10. Адамның аяғын аттамайды.
11. Су алатын жерге шомылмайды.
12. Үй ішінде түрегеп тұрмайды.
13. Қарт адамдар жалаңбас жүрмейді.
14. Ұйқыдағы адамды шошытып оятуға болмайды.
15. Жұрттың көзінше бергенін айтпайды, қарызын сұрамайды.
16. Жастар үлкен адамға жол береді, орын береді.
17. Үйге жүгіріп кіріп, жүгіріп шықпайды.
18. Адаммен теріс қарап тұрып сөйлеспейді.
19. Өзіне де, өзгеге де өлім тілемейді.
20. Кемтарға, ауруға күлмейді.
21. Адамның намысына тиіп, кемсітіп сөйлемейді.
22. Өсек, өтірік, ғайбат айтпайды, өзгеге жала жаппайды.
23. Тамақты оң қолмен жейді.
24. Дастарқан басында бейәдеп сөз айтпайды.
25. Кішкентай сәбилерге қол көтермейді.
26. Жасы үлкен кісілерден жоғары отырмайды.
27. Сөйлеп тұрған екі адамның ортасынан өтпейді.
28. Қонақты алдынан шығып, күтіп алады.
29. Қонақ отырғанда үй иелері ренжімейді.
30. Үйге келген адамға қабақ шытып қарамайды.