Bugin

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ

Табиғат – біздің анамыз. Табиғатты қорғау, аялау біздің басты мақсатымыз болу керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

    Адам – табиғаттың кішкене ғана бір бөлшегі. Айналамыздағы барлық тіршілік иесінің жалғыз үйі – Жер ғаламшары. Біз өмірлік қажеттіліктерімізді табиғат анадан аламыз. Тіршілік үшін қажетті негізгі факторлар ауа мен су болып табылады. Ауасыз ешбір нәрсе тіршілік ете алмайды, ал су – тіршілік көзі. Қоршаған ортамыздағы барлық нәрсе өмір сүруімізге көмек береді.
    Табиғат – адамзаттың үйі. Қарапайым мысал келтірсем, өзіміздің жеке баспанамызды алайық. Қаңыраған қабырғалар, ауыз сусыз тіршілік, қолқаны алатын жағымсыз иіс, күн сәулесі түспейтін қараңғы бөлмелер. Сіз осындай баспанада тұра алар ма едіңіз? Жоқ, әрине. Осындай үйде ешбірі тұра алмас еді. Табиғат та қарапайым баспана секілді ғой. Қара түтін араласқан ауа, құнарсыз топырақ, ластанған өзен-көлдер, кесілген ормандар, қырылған аңдар. Табиғат осындай болуы керек пе? Табиғаттың осындай сұрықсыз кейіпке енгені ешқандай дұрыс емес. 
     Қоршаған ортамызды бейберекет ластап, қайта қалпына келтіруден қарағанда, бұндай жағдайға түсуіне жол бермеуіміз керек. Қазақта айтады ғой «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп. Тап бір осы мақал экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.                             

       Жалпы адам баласы өмір сүру үшін табиғатты пайдаланады. Судың да сұрауы бар емес пе? Пайдалануды білетін адам, сол дүниенің қайтарымын қайтаруы тиіс қой.
       Табиғатты қорғау – тек экологтар ғана үшін емес, баршамызға міндет. Ол үшін қарапайым дүниелерді әдетке айналдырған дұрыс. Айналамызға қоқыс тастамай жүрсек болғаны. Жан қинарлық дүние емес қой. Табиғаттың таза әрі көркем болуы адамзаттың жақсы өмір сүруіне кепіл бола алады. Қандай болғанда да, адам баласы табиғатсыз өмір сүре алмайды. Табиғат – тіршіліктің тал бесігі, hәм өмір сүру ортасы.