Қазақстан жаңалықтары
«Процесс біржақты болды» деген дәрігерлер үкімді жеңілдетуді сұрайды
Атырау қаласы облыстық перинаталдық орталықтың қызметкерлері экс-әріптестеріне қатысты соо үкімімен келіспей отыр. Оларға жаңа туған шақалақты өлтірді деген айып тағылып ұзақ мерзімге сотталған еді.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы ATPress.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Перинаталдық орталықта мәслихат депутаттары, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков және әкім орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен жиналыс өткен болатын.
“Сот үкіміне ешқайсымыз қарсы емеспіз. Алайда біз өз ұсыныстарымызды мемлекет басшысына құжат ретінде жетуізуге құқылымыз деп ойлаймыз. Әріптестерімізге тағылған сот үкімін жеңілдету мүмкіндігінен үміттіміз. Себебі жаза өте ауыр. Бұл жағдайға дейін олар қаншама ана мен баланың өмірін арашалап қалды, талай отбасына бақыт сыйлады. Болашақта да дәл солай қуаныш сыйлар еді. Медицина қызметкерлері сот процесінің біржақты өткеіне наразы”, - деді жиналыс барысында облыстық перинаталдық орталықтың директоры Асқар Кенжеғалиев.
Әлеуметтік желіде «шетінеді» деп мәйітханаға жібермек болған сәби тірі болып шыққаны үшін ақылдасқан дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен әңгімесі таралып кеткен еді.
Құжатта шақалақты «өлді» деп көрсеткені үшін мұздатқышқа сала тұруға шешім қабылдайды.
Айтуынша, перзентхана қызметкерлері сотталған әріптестерінің жағдайына бейжай қарамайды.
“Бірнеше жылғы еңбектері сінген қызметкерлерге тағылған айыпқа таңғалдық. Бұл жағдайдан кейін жас мамандарымыздың көзіндегі оты сөнді. Олар бар ынтамен жұмысқа қалай кіріспек? Осыларды ескере келе, мемлекет басшысына, дәрігерлердің құқығын қорғау жөніндегі республикалық ұйымдарға, кәсіподақ ұйымдарына жазаны жеңілдету туралы өтінішпен жүгінеміз”, - деді Асқар Кенжеғалиев.
Сонымен қатар, сот үкімінен кейін перзентхана қызметкерлері жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жаза бастаған.
Айта кетейік, 18 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты перинаталдық орталықтың экс-директоры Қуаныш Нысанбаевқа, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанға және акушер Тамила Кулбатироваға үкім шығарды. Олар алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен қасақана кісі өлтірді деп айыпталды. Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмаханбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін 3 жылға айыпталды. Қуаныш Нысанбаев 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Асқар Қайыржан 16 жыл алды.