Bugin

Қазақстан азаматы мейрамхананың 10% қызмет ақысын төлемесе болады

Тамақтану орындары қосымша қызмет ақысын пайызбен емес, теңгемен жазуы тиіс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кей тамақтану орындары мен мейрамхананың клиентке қызмет көрсеткені үшін чекке 10% көлемінде қызмет ақы қосып әкелетіні бар. Алайда ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мәлімдеуінше, бұл заңсыз ақы. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Liter.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мейрамхана, кафе, асхана, басқа да түрлі мекемелердің чекке 10% ақы қосып әкелетінін көбіміз көрген болармыз. Алайда оның заңсыз екенін білетіндер аз.

Аталмыш сауалға жауап берген Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің хабарлауынша, қосымша қызмет үшін ақы – заңсыз.

"Тұтынушыларға қызмет көрсететін даяшының жұмыс ақысын кафе не мейрамхана әкімшілігінің өзі төлеуі тиіс. Мәселен, мейрамхана әкімшілігі клиенттің тамаққа не суға тапсырысын ала отырып, оны дайындаумен айналысатын аспазшының да қызмет ақысын өз мойнына алады. Демек, даяшының да қызметі өз міндетіне алуы керек", - деп түсіндірді комитет.

Бірақ тамақтану мекемесі былай жасаса болады: клиентке шайпұл барын ескертіп, қосымша қызмет ақысы қосылатынын ескертуі тиіс. Оны мәзірде не басқа жерде ескертіп жазып қоюы керек.

"Егер клиент мекеменің қызмет көрсетуіне ақы төлеп, алайда оған көңілі толмаса, онда оны сотқа беруіне болады. Сондай-ақ қызмет ақысын пайыз түрінде көрсету дұрыс емес. Теңгемен есептеліп берілуі керек", - дейді ведомства.