Білім және ғылым
Аттестацияға не жарамды?
Бүгінде жүйелі жолға түскен білім саласындағы өзгерістер көңіл қуантады. Бұл жайт әсіресе ұстаздар қауымы үшін өте тиімді. Бір ғана біліктілік арттыру курстарының реттелуі де ұстаз қызметін жеңілдетті.
Елімізде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған білім орталықтары педагогтардың 5 жыл сайын өтетін аттестациясын табыс көзіне айналдырып алған болатын. Түрлі курстармен қатар, "Қазақстанның құрметті педагогі", "Үздік сынып жетекші", т.т номинациялар, төсбелгілер жасалып, ақша төлегеннің кеудесіне қадала беретін.
Аттестация өту кезінде ұстаздардан міндетті түрде еңбегінің нәтижесін көрсететін оқушы жетістігін сұрайтын бөлім бар. Осы бөлімді де нан табудың бір жолына айналдырған жоғарыдағы орталықтар бір бет сертификат береміз деп, кәдуілгі қара базарға айналдырған. Бірнеше баланың қатысу жарнасы қалтаға түскеннен соң барлығы бірдей жүлделі бірінші орын алған сертификаттарды электронды нұсқада жібере салады.
Мұндай жайттар өз кезегінде өз ісіне жауапкершілік алмайтын, өз кәсібіне немқұрайлы қарайтын, мамандыққа құлықсыз жас ұстаздардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Осы мәселені дер кезінде көтеріп, анық қанығын заңды түрде айқындап берген Білім министрлігіне ризамыз. Ал сіз мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа ережелерімен таныссыз ба?