Bugin

Проценті жоқ: Қазақстанға ислами ипотека келмек

Біржолғы зейнетақы жинағын беру

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отбасы банктің басшысы Ляззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне енгізілген исламдық қаржыландыру тетігін түсіндірді. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

"Исламдық қаржыландыруға қатысты ережеге жақсы бір норма енгізілді. Бүгінде осы салада бірнеше банк, соның ішінде Al Hilal да бар. Исламдық қаржыландыруға қызығушылық байқалады. Енді, елімізде толыққанды исламдық ипотека болады деп үміттенеміз", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда банк басшысы қазақстандық қоғамда Ислам қағидаттарын ұстанатын адамдардың аз емес екенін де еске салды.

"Ислам қағидаттары бойынша процент төлеуге тыйым салынған. Дегенмен, исламдық қаржыландыру аясында  азаматтар үшін үй сатып алу тиімді болады деген сенім бар", - деп атап көрсетті Ибрагимова.

Зейнетақы жинағын пайдалану ережесі

22 қаңтарда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидасын бекітті.

Біржолғы зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдаланылады:

- тұрғын үйді сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау (айырбас жасау) шарттары бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша толық есеп айырысу;

- жеке тұрғын үй салу үшін (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) толық есеп айырысу;

- ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна енгізу;

- ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру, берешекті ішінара немесе толық өтеу;

- ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу;

- сатып алу құқығы берілген тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.

Біржолғы зейнетақы төлемі белгіленген талаптарға сәйкес шектеусіз пайдаланылады. Өтініш беруші адам жұбайының және (немесе) жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануы үшін тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады.

Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тартуға негіз болмайды.