Әлеумет

Адамзаттың өмірге келуіндегі негізгі "миссиясы" қандай?

Оқыңыз, дамыңыз...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір адамдар "өмірлік миссияң қандай?" деген сұрақты бір-біріне жиі қояды. Сонда ол сұраққа бірі саяхаттау, бірі карьера қалыптастыру, биік белестерді бағындыру десе,екінші біреулері отбасын құру, ата-ананың разылығын алу деп жатады.

"Өмірге бір-ақ рет келесің ғой, бәрін көріп қалу керек" дейтіндер де аз емес.

Шынтуайтына келгенде,адам бір-ақ рет өледі, ал күнде дүниеге келеді. Олай дейтінім – әр күніміз Алланың өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге берген мүмкіндігі. Ал біз келемізде "өмірде бәрін көріп қалу керек" терминінің артына нәпсінің қалауларын желеулетіп, неше түрлі жасауға болмайтын зиянды әрекеттер мен өмірлік қателіктерге бой алдырып, өз тағдырымыздың тамырына өзіміз балта шауып, құрдымға кетіріп жатырмыз.

Сонда жанымызға қандай миссияны серік етсек, екі дүниенің бақытына бөлене аламыз? Сіз де мақаланы оқуды бір сәтке тоқтатып, менімен бірге ойланып көріңіз.

Байқасаңыздар, ғалымдар ғасырлар бойы үлкен ізденіспен табатын әлемнің жұмбақ сырлары әу бастан-ақ қасиетті Құранда осыдан 14 ғасыр бұрын жазылып қойған.

Қазақта "балаңды дінге үйрет, дін балаңа өзі-ақ бәрін үйретіп алады" деген жақсы мақал бар. Расында Құранда бүкіл сұрақтың жауабы бар. Мәселен, баланың ата-анаға қалай қарым-қатынас жасау керек екені, ненің жақсы, ненің жаман екені, қандай астың халал, қандай астың харам екені, ерінің әйеліне, әйелінің еріне қалай қарым-қатынас жасау керегі, қандай жағдайда отбасының тұтастығы сақталатынына дейін бәрі-бәрі жазылған. Тіпті, қазір медицинада ер адамдардың алтыннан жасалған бұйымдар тағуы өте қауіпті екені енді айтылып жатса, ол Құранда қаншама уақыт бұрын харам ретінде жазылып қойған. Алла Тағала тектен-текке қайтармайды харамнан.  Оның артында адамзатқа үлкен пайда бар. Адал болмаған нәрселер адам денсаулығына зиян болып шығады немесе өміріне қауіп төндіреді.

Зарият сүресінің 56-аятында Алла Тағала "Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық етуі үшін жараттым" деген сөзі бар. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Раббымыздың бізді жоқтан бар етуіндегі ең әуелгі мақсаты осы болғанда, біздің өмірлік миссияны дүниелік істермен ғана шектеуіміз Жаратқанға жасаған күпірлігіміз болмай ма?!...

Біздер, адамдар, ерте ме, кеш пе бәрібір дүниеден өтерімізді біле тұра, ішуге, көруге арам болған Алла Тағала шектеген дүниелерден аяқ тартудың орнына бәріміз жапа-тармағай жарнама жасап, оны көпке насихаттап жүргенімізге жол болсын!

Алып бара жатқан маңызы жоқ дүниелерге бола жақындарымызбен жанжалдасып, Алладан келген үлкенді-кішілі сынақтарға төтеп бере алмай жүргеніміз тағы бар. Өзге қауым шығарған "трендсымақтардың" мәнін, мақсатын түсінбей жатып оны қайталауға асық екеніміз де жасырын емес. Мен сізге өз басымнан кешірген ғибратты оқиға жайлы айтайын,сіз мұқият тыңдаңыз.

Осыдан 4 жылдай бұрын жаз мезгілінде үйдегі шомылатын бөлмені ысытып жатып, жазатайым жарылған бөтелкенің салдарынан тізем мен мойнымды кәдімгідей күйдіріп алдым. Қас пен көздің арасында болған бұл жағдайдың қалай лезде орын алғанын өзім де түсінбей қалдым. Тек аузыма "Кешірші Алла" деген сөз ғана түсті. Тоқтамай сол сөзді айтып жылай бердім, жылай бердім. Қысқа уақыт аралығында бүкіл өмірім көз алдыма елестеп, Алланың алдында өмірімде жасаған күнәларым мен қателіктерім үшін қалай жауап беретіндігім жайлы ғана ойлап шарқ ұрдым. 

Сонда өзім күні-түні уайымдап жүрген ҰБТ, алтын белгі, бизнес, саяхат бір рет болсын ойыма келмеді, сенесіз бе? Аяқ асты дүниеден өтер болсақ, сонша қатты уайымдар жүрген дүниелік заттардың бірі де керек болмай қалады. Сіз теріңіздің әдемі болуы болуы үшін, достарыңыз сізге риза болуы үшін, арман-мақсаттарыңыз орындалуы үшін қаншама уақыт жұмсайсыз!

Ал қабірде сұралып жатқанда сіз соншалықты күш-жігеріңізді арнаған осы істер сұрағыңызды жеңілдете алады ма? Жоқ! Тағы да айтамын жоқ! Осы дүниеде жасауға қиынсынып жүрген құлшылықтарыңыз бен адамзатқа жасаған жақсылықтың ғана сізге медет бола алады! Жұпар иісі мыңдаған шақырымнан сезілетін Жәннаттың мәңгілік тұрғыны болуға тек сол Аллаға жасаған құлшылықтарыңыз ғана шапағатшы бола алады!

Алла бізді күнәдан арылып,екі дүниенің бақытына бөлене отырып мәнді ғұмыр кешуге күніне 5 рет мүмкіндік береді! Тіпті қанша күнә жасаса да өзіне қайта оралған пендесін де кешіремін деді! Дәл қазір Алла сізге осы мақаланы оқып отырсаңыз, онда сізде әлі өзгеруге тағы бір мүмкіндік бар деген сөз!

Оқыңыз, дамыңыз, Алланың берген сансыз нығметтерін пайдаланыңыз, сәйкесінше Аллаға шүкір етіп, құлшылық қылады ұмытпаңыз!

Қорытындылай келе, біз бұл өмірге сынақ үшін ғана келдік, бүкіл өмірімізді ойын-сауық құрып, асхана мен әжетхана арасында ғана жүруге арнау үшін емес!