Bugin
Алтын депутаттар "алтын" шешім шығарады
Қазақстан мәжіліс палатасына жайғасқан депутаттардың төсбелгісіне бюджеттен қанша қаржы жұмсалды? Және түймедей төсбелгіні жасаудың өзінде жемқорлық жатқан жоқ па? Бұл сауалға архитектор Жанна Спунер Facebook-тегі парақшасында жауап жазды.
Өткен аптада Protenge телеграм-каналында журналист Жамиля Маричева мәжіліс депутаттарының төсбелгісін жасауға қомақты қаржы кеткенін жазған еді.
"Орталық сайлау комитеті 80 төсбелгіні жасатуға 24 млн 317 мың теңге төлеген. Яғни, бір төсбелгінің бағасы – 303 мың 968 теңге. Бір таңқаларлық нәрсе – сайлау комитеті төменгі палата депутаттарының тек 80-не ғана төсбелгі жасатқан. Яғни, бүкіл мәжіліс депутаттары қамтылмаған. Ал Теңге сарайымен келісімшарт парламент сайлауынан бұрын жасалған. Орталық сайлау комитеті жаңа орынға келетін депутаттардың санын қалай дәл біліп отыр? Мәжілістің 32 депутаты бұрынғы орнында қалды, жаңадан 75 депутат келді", - деп жазады ол.
Депутат Дариға Назарбаеваға төсбелгі табысталған сәт. Сурет - Sputnik.kz
Сәулетші Жанна Спунер аталмыш ақпаратты және өзінің тәжірибесін назарға ала отырып, жемқор биліктің төсбелгіден де қаржы жымқырғанын айтады.
"Қазақстан бұрын мұндай әшекей заттарды Қытайда не Ресейде жасататын. Қазір заманауи технологияның арқасында Алматыда арзанға жасатуға болады. Осы жолғы төсбелгілерге қарасақ, оның үшөлшемді нақыш қолданылып, қалыптама техникасы арқылы жасалғаны байқалады. Мұндай белгінің сапасы жақсы болады. Бірақ бағасы да қымбат емес", - дейді архитектор.
Орталық сайлау комитеті төсбелгінің сырты алтынмен қапталған, сондықтан қымбат деп уәж айтады. 304 мың теңгені долларға айналдырғанда - $723.
"Жақсы, олай болса, салыстырып көрейік. Әйел қауымының әшекейге қатты қызығатыны белгілі. $723 ақшаға керемет әшекей сатып алуға болатынын кез келген әйел біледі. Жақында құрбымызбен екеуіміз $150 ғана керемет алтын білезек сатып алдық. Дизайны да тамаша. Тағы бір мысал. Tiffany & Co компаниясының сайтына кіріп, $500 мен $1 мың арасындағы әшекейлерді қарап көруіңізге болады. $700 қаржыға інжу маржаны мен бриллианты бар, дизайны да керемет әшекейлер тұр. Бұлардың жасалу техникасы күрделі, драгметалы салмақты, қолмен нақышталған әшекейлер. Ендеше қалыпқа құйылып жасалған шағын төсбелгінің бағасы қалайша күрделі технологиямен жасалған әшекейдің бағасымен бірдей? Мұндай төсбелгіні $23 ақшаға ғана жасатып алуға болады", - жеп жазады Жанна Спунер.
Оның айтуынша, 2019 жылы Украин депутаттары да күміс жалатылған төсбелгіні $61 қаржыға жасатып, бастары дауда қалған.
"Ал қазақтарға жету қайда?! Төсбелгіні толық алтыннан құйылды дегеннің өзінде $580 қаржы екен. Енді сұрақ. Халықтың қаржысын оңды-солды шашуға кім рұқсат берді? Алтын депутаттар алтын шешім шығара ма сонда?", - деп жазады ол.