Bugin

Ақтөбеде мұнайшылар қытай компаниясына қарсы көтерілді

Президент Тоқаевқа үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбе облысындағы "КМК Мұнай" панама-қытай компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін, 25 қаңтар күні, Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты "КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты. Бұл – қытайға қарасты "СНПС Ақтөбемұнайгаз" компаниясының еншілесі.

Жұмысшылардың талабы – еңбекақыны екі есе көбейту. Олардың сөзіне қарағанда, 12 қаңтар күні компания басшылығы мен облыс әкімдігіне еңбекақыны көбейтуге көмектесу туралы өтініш жазған. Алайда талап орындалмады. Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдауда.

Мұнайшылардың айтуынша, пандемия басталғалы бері елде қымбатшылық. Алған жалақылары азық-түлік алуға жетпейді.

"Біз дәрігер мен мұғалімнен, зейнеткерден де аз аламыз", - дейді жұмыскерлердің бірі.

Ал Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының хабарлауынша, аталмыш мәселені қарастыру бойынша арнайы комиссия құрылды.

"Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды. Оның төрағасы – әкім орынбасары С.Бекбергенов. Комиссия құрамына еңбек инспекциясы, индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Темір ауданы әкімдігінің өкілдері енді. Қазір "КМК Мұнай" АҚ жұмысшыларымен кездесу өткізілуде", - дейді басқарма.

Анықтама: "КМК Мұнай" акционерлі қоғамының иелері – панама (үлесі 50%) мен қытай елдерінің азаматтары (үлесі – 50%).

Директорлар кеңесінің төрағасы – Вэй Юйсян (Wei Yuxiang).

"КМК Мұнай" АҚ директоры – Ван Цзиньбао  (Wang Jinbao) .

Компания 2019 жылы 500 мың тоннаға жуық мұнай өндірген.