Hi-Tech
Қауіптің бар екенін компания өткен жылдың қазанында байқаған
iPhone 12 смартфоны медциналық құрылғыларға теріс әсерін тигізеді екен. Америкалық Apple компаниясы осындай қауіпті ескертеді деп хабарлайды Bugin.kz платформасы Applelnsider-ге сілтеме беріп.
Компанияның қолдау орталығы iPhone 12 смартфондары мен олардың магниттік қондырғысы бар сымсыз қуаттағыштары туралы ақпаратпен бөлісті. Мәлімдеуінше, бұл құрылғылар кардиостимуляторы мен дефибрилляторы бар науқастар үшін аса қауіпті. Қауіптің бар екенін компания өткен жылдың қазанында байқаған, алайда түбегейлі зерттеуді қажет еткендіктен мәлімдеме уақыты да кешіктірілді. Басылым мұндай медицинадық құрылғыларда магниттер мен радиотолқындарға жауап беретін датчиктер болуы мүмкін дейді.
«Аталмыш құрылғылармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін iPhone және MagSafe аксессуарларын олардан қауіпсіз қашықтықта ұстаңыз. iPhone үшін кемінде 15 сантиметр және сымсыз қуаттағыш үшін кемінде 30 сантиметр қашықтық сақталуы тиіс. Дәрігерлермен де кеңескеніңіз жөн», - делінген Apple мәлімдемесінде.
Сонымен қатар құжатта көрсетілгендей, MagSafe және MagSafe Duo қуаттағыштарында радиоқабылдағыш компоненттері бар. Әрі iPhone смартфонының соңғы шыққан модельдерінде медициналық құрылғылар үшін қауіпті болуы мүмкін магниттер толқыны тым көп.