Weekend

Арман Әділбек: Жоғалған бөлмелер

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ол тәңертең ояна сала өзінің өліп қалғанын сезді, өйткені кірпіктерін аша алмады, қыбыр етер әл жоқ, саусақтары әлденеше тонналық қайдағы бірдеңеге айналып қалған сияқты, деседе, жаны әлі тәнінен ажырай қоймағандай, түйсігі ояу, санасы тірі қалпы, терезе алдында ғана жапырағы желпініп тұрған есімі есінен баяғыда-ақ көтеріліп кеткен ағаштың жүгенсіз кеткен бұтақтарының арасында құлшына, құмарлана сайраған торғайлардың үнін естіп жатыр, тыныштығын бұзған осынау қаптаған қалың аспанның құрттарына жақтырмай көз салып, тыжырынғысы келіп еді, онысы бос әуре болды, мойын бұрып қарау туралы ойлауының өзі мұнан былай сандалбайлық екенін бір жола ұғынды. Бұл жолы шынында өлген екен, шынында деп қосуымыздың өз себебі бар, дегенмен бұл арада оның өз тәжірибесі түкке тұрғысыз екені де айқын еді, өлу турасында ойлауға болатын шығар, қалайда өлуге үйрену қиындау сияқты. Кімді, нені қимайтынын белгісіз әйтеу өзегіне ащы бірдеңе тығылды, жоқ, ештеңе тығылмапты, ештеңе сезбеді, кеудесінде, тәнінде шайқалып жататын күйге қош айтқаны рас болды, ояу сана үйренген дағдысымен тәнге соқтығып далбасалап жатқандай, ол тіпті де өлгеннің қалай болмағы жәйлі қабарсыз болуға тиіс, оның да тез арада жетекке үйренген асаудай шапшуын тоқтатарында гәп жоқ. Иә, сонымен өліп қалған соң кісі дегеніңіз артында қалған мынау дүниемен ісі жоқ екенін, жұмысы болмауы керектігін ұғынуы керек емес пе? Әрине, ауыр, мұндай күйді ешкіммен бөлісе алмайсың, тірлігіңде де бөліскенің шамалы, енді тіптен қой-ақ қой. Ол аздап бұл жайында ұққандай болды да іші де сыртымен бірдей тез арада тыныштала бастады. Сәлден соң адамдардың күбір-сыбырына құлақ түрді.

 – Ол өліп қалған ба? – бұл әкесінің дауысы.

 – Иә, өліп қалғанында гәп жоқ.– бұл анасы, әрине, анасынан артық баланы кім түсінер, жатқан жатысына бір қарап–ақ ұлының өлі-тірісін ажырата алады, көрмейсің бе, әкесі өз сөзіне күмәнді. Әкесі тағы да сенімсіздігін сездірді:

 – Біз әбден анықтап алайық, егер ол тірі болып қалса ренжіп қалуы мүмкін ғой? – деді де оған жақындап келгендей болды, осы кезде ол:

 – Әкем сөзсіз тамыр соғуымды, немесе, тынысымның бар-жоғын тексереді, өлгеннен соң денеме басқалардың қолы тигені қалай сезілер екен ә? Әсіресе, әкемнің жып-жылы салалы саусақтары…– деп ойлап үлгірді, бірақ, анасының сөзі де қатарласа анық шырық бұза шықты, оның есіне бірден анасының ағалары өлгенде де осындай маусым өзергендей немқұрайды сабырлы пиғылы түсті.

 – Болды, маған сенбегенде, сен нені біле қоярсың.Онан да барып шәйімізді іше отырып жедел жәрдем шақырайық, бәрібір олар келсе қарбаластықтан титықтаймыз, ұлымыз өлген күні бізге қайбір тыныштық? Қайбір жөнді демалыс бұйырады дейсің? – анасының үнінен кейігендігі байқалды, ол да өзінің шындығында беймезгіл уақытта өлгеніне қынжылды, деседе, өлім айтып келмейді ғой, бұл оларды соңғы рет әурелеуі, ендігәрі бұлай болмайтынына нық сенді, бұл сөздерді ой елегінен өткізіп жатып ептеп көңіл-күйі орныққандай болды, оның үстіне олардың қайратты жандар екенін біледі.

 Өлім дегені де адамға аса бейтаныс дүние емес секілді, өлмей тұрғандағы үрейі тірі жанның жүрегі қабылдамас сұмдық, ал, өліммен құшақ айқастырған соң-ақ бәрі өз жөнін табатын сыңайлы, жаңағы үрейдің, қимастықтың сірәда болған, болмағанын білудің өзі қиын. Иә, үрей, өлімге деген үрей адамға қай есікті қақтырмады?! Қай жолға бастамады?! Соның барлығы өлімнің бізбен қойындасып өзі де өмір сүріп жатқанын мойындай алмаудан шығар, ал, өлім өзі қашан өлерін кім білсін? Мүмкін…үрей мен еркіндіктің күресі біткенде бір жауабы шығар. Қазірге ол шынында үрейден кешкен, бірақ, оны үрей үңгірінен суырып алып шыққан өлім емес екенінде гап жоқ.

 Әке-шешесі бөлменің есігін жауып шығып кете салып, терезе түбіндегі әлгі атың өшкір ағашқа бір топ қарға қонды, қарғаның есімі ойында қалайша сақталып қалғанына аздап таңданғанымен, сол қарғалары барық-барық етіп шулай бастасымен-ақ, оның зықы шыға бастады, тіпті, біреуінің дауысы тым жақыннан естіледі, аңғары, бұтақты місе тұтпай терезенің жақтауына қонып отырып, жайлана қарқылдап жатқан болар. Барынша өзін сабырға жеңдіріп, ертерек қайда болсада жәйлі сезіммен аттануді тіленіп ішінен дұғама, әлде басқа ма, өзіне де түсініксіз бір ұзын-сонарлау сөздерді міңгірлеп жатып, құлағы сүйрете басып өз бөлмесіне жақындаған аяқ дыбысын шалып қалды, іле-шала есік шарық етіп қатты ашылды да, анасының ғазапты сөздері естіле бастады:

 – Тұқымың құрығырлар-ай, қайдан келе қалдыңдар бірдемелерің өлгендей шулап! Тыныш бір шәй де іше алмадық-қой, әттең, ұлым тірі болса мені сандалытпай сендерді өзі-ақ айдап салар еді…

 Есік қайта жабылды, анау ұзақтай шулаған өлімге көрінгірлердің де үні өшті, анасының айтқаны рас, тірі болса оның өзі-ақ қуып салар еді, қайтеді енді! Өліп қалған, қозғала алмайды, денесін көзге көрінбес тастай ауыр, тастай нығыз ауа басып, қымтап алған сияқты, еркіндік деген қымбат нәрсе екен ғой, көзін де аша алмай жатып жүгргісі келеді, қарғаларды аулаққа айдап салғысы келеді, қозғалғысы келеді, неткен ауыр дене бұл? Жооооқ, денесі барма өзі? Бұларды ойлап бірдем жылап алғысы да келді, мұндайда жас құрығыр қайдан шыға қойсын, жанары құбының құмындай құрғап қалған секілді, әлде, жанар да, жас та мұнда жоқ болар.

 Бұл шақта сырт жақ апыр-топыр болып қарбаластанып кеткен, әке-шешесі шәйлерін ішіп болмай жедел жәрдем жетіп қойды, зембілін есіктің жақтауына соғып алдыма екен тарсылдап-шарқылдаған дыбыстар шығып жатты... Артын ала сұп-суық бір шытынаңқы дауыс естілді:

 – Өліп қалды ма?

Әке - шешесі қатар:

 – Білмедік, сіздерді күтіп отырмыз,– деп жамырай тіл қатты.

 – Я, өлген секілді, бірақ бақылау керек, кейбіреулер тіріліп кететіні бар, оның үстіне өлсе де қашан өлгенін, қандай себеппен өлгенін қазыр тексеру қажет.

 – Е, мақұл, құлыптасына жазу үшін бізге де керекті дүние ғой,–деген әкесінің шаршаңқы үні естілді. Шешесі де қалыспай:

 – Туыс-туғандар да себебін сұрайды ғой, иә, тексеріңіздер, – деді үмітті пейілін жасырмай. Ал, ол болса өзінің шынында қашан? неліктен ажал құшқанын ұғуға асықса да, өлім алдында әдеп сақтап, тыныш жатыр, бір қараған адам расында мұның өлгеніне сенбеуі мүмкін емес, оның өзі де, біреу-міреу өлгенінен күманданса әурешілік боларын біліп жаңағы арпалысқан ойлардың бәрінің тізгінін тартып, бар бітім-күйімен өлінің сипатына адал ықыласта жатыр еді.

 Жедел жәрдемнің көлігімен емханаға жеткізілді, жолда сықырлаған, шытырлаған дыбыстардан жалыққаны болмаса уақыттың қалай өткенін де білмей қалды. Қазір тозақтың сұсын сездірер тастай суық мәйт үйінде жатыр, маңында және бір өлген адам бар сияқты, бұны қалай сезгенін білмейді, әйтеу оның да, ішінен күбірлеп, қайсыбір жаққа асығып жатқанын аңғарады, онымен әңгімелескісі келді де ойын тиып алды, мынадай сәтте не айта қоюға болатынын біле алмады. Дегенмен ұзақ та күткен жоқ.

 Әлде бір уақытта бөлме ішіне шипагерлер, әке-шешесі, сосын сөз-ләмдерінен полиция қызыметкерлері екені білінетін бір-екеу… Солай, барлығы келіп кірді. Сөзді бөтен дыбыс иесі бастады, шипагер секілді.

 – Балаларыңыздың өлгеніне әлденеше жыл болған. Барлығын мына қағаздарға мөрлеп жазып қойдық. Иманды болсын.

Осы кезде сөзге әкесі араласты, көзін аша алмаса да, шешесінің әкесін бүйірінен жеңіл нұқып қалған соң барып әкесінің тамағын қырнағанын көз алдына әкелді.

 –Я, рақмет, өзі де сол қаншама жыл бойында сол өлген кісінің бейнесін әдеппен сақтап, бір ауыз сөз сөйлеген жоқ, мүмкін, біз естімеген де болармыз (осы кезде ол өзінің әдетте көп сөйлейтінін, сөйлеуден рахаттанатынын есіне алды, қалайда, әкесінің сасқалақтап сөздерді алмастырып алғанына күмансіз сенбек болды, бірақ…), бірақ ортамызда жүрді, тіршілігін қылды, биыл жирма алты жаста ғой, сол жылы университеттегі оқуын тастады да, көп өтпей жанбағыс қамына кірісті, содан көп ұзамай баламыздың өлгенін байқадық, бізде, баланың шешесі екеуіміз де өлгенімізге талай жыл болған-тын, я, солай.–әкесі сөзін аздап күйініш аралас үнмен тоқтатты.

 –Түсінікті, біздің де қашан өлгенімізді ұмытып қалатынымыз бар, мен сол күнді есіме сақтай алмауымнан алаңдап күнделігіме түртіп қойғанмын, жә, мұндай жағыдай көп қой, тіпті, өліп қалғанын сезбей жүре беретіндерді де көп көрдік. Кәне, мына қағазда балаларыңыздың қайтыс болған нақты уақытын жазып, қолымды қойып қойғам, алыңыздар.

 Шипагердің сөзі аяқтай сала нығыздалып, сөзіне лайықсыз салмақ пен екпін үстеп біреуі сөз бастады, аңғары жаңағы полиция қызыметкерінің бірі болса керек.

 – Жақсы, барлығын шипагерден сосын өздеріңізден сұрап, хаттап-шоттап алдық, қалған жұмыстан қам жемеңіздер, айтпақшы, қайырын берсін!

 Жұрттың бәрі тарады, ол өзінің өлген уақытын әкесі мен шешесінің бірі дауыстап оқып жіберер деп қатты үміттенді, бірақ, олар мәйтті үйге алып қайтудың құжаттарымен әуреленіп сыртқа шығып кетті де, ол тағы сол ызғар ұрып тұрған бөлмеде қалды, қанша ойланса да өзінің қашан өлгенін таба алмады, түбегейлі ұмытқан екен, жаңағы шипагер мүмкін осының өзін нұсқап айтқан шығар?! Қайсы ай, қайсы күн еді? Күнделігі де қолға түсе қоймайды, күнделігіне жазған-жазбағаны да есінде жоқ.

 Үй іші, ұлар-шудан әбден мезі болды, кеш батып, жұлдыз бейуаққа иек артар шақта әзер тыныштық орнады, бірақ, үй толы күбір, әлде бір уақта шешесі бөлме есігін ашты-ау деймін, ақырындатып қана өзінің мейірлі үнімен сөз бастады:

 – Ұлым өлгеннен тартып үндемеді (ол осы кезде өзінің бала кезінде бұқпа болғанын, қатты ұялшақ болғанын, сөзге тым сараң болғанын есіне алды.). Бірақ, тіршілікті тыңғылықты жақсы істеді, бұл жағы әкесінен аумай ұқсайтын, дегенмен, әкесі басқаша ғой, үйіміздің қарыз-құрызын түбегейлі үзген де, бізге шалқып тұрмыс кешіруге себеп болған да осы балапаным еді. Кеше ұйқтардың алдында он жылдан бергі тұңғыш, және өміріндегі соңғы сөзін айтып қалды, «жақсы түс көріңдер!»,- деп, қуанып қалып едік, Құдай да шаршағанын сезген көрінеді, бақұл бол, құлыным! Кешікпей бізде соңыңнан барамыз.

 Бұл ықылас оның өмірінде естіген барлық сөздерді ұмыттырып жіберді, ол өзінің өлген уақытын таппақ ниетінен қайтты, үйткені анасының сөздерін естіп жатып, өзін тәңертең ғана қайтыс болғандай сезінген еді. Мүмкін, ол осы нәрсені күтіп жүрген де шығар, қалайда, жаны шынында тынышталды, бағанағы үрей әлемінен жетелеп алып шыққан қуаттың үмітсіздік, ой әлемін шырмап алған мағынасыздық екенін де сезінген болар, деседе оның үреймен ешқашан күресін тоқтатпай келе жатқан еркіндікпен қандай байланысы барын Тәңірі өзі білер.

 Оны жер қойнына берген соң әке-шешесі көп өтпей оның бөлмесін айнадай етіп жиыстырды да, ұлының барлық керек-жарақтарын отқа жақты, сосын бірнеше адам жалдап бөлменің есігі мен терезесін бекіттіріп, қабырғамен бірдей қылып сырлап, өрнектеп тастады.

– Ешбір бөлме болған екен-ау дейтұғын із қалмасын. – деді жұмыскерлерге шешесі.

Ұзамай-ақ бұл үйде бұрын осындай төрт бөлменің болғанын ұмытып үлгірген қарттар:

 – Біздің балалы болуға мүмкіндігіміз болмады, қараңдаршы, сүйтіп бір өмір арпалыспен өткізгенде екі бөлмелі ғана үйіміз бар, өзге ештеңеміз жоқ, қос қубаспыз…– деп кездескен жандарға мұң шаға бастады, көрші-қолаңдары мен туыс-туғандары да сұрағандарға:

 – Бейбақтар ғой, бір ғұмыр шаршап-шалдыққанда артында түтін түтетер ұрпағы жоқ, шынында, бақытсыздық, дегенмен, біз де оларға жастау кездерінде балалы болу жәйінда көп айтқан едік, енді міне, жағыдайлары осы…–десті.

 Төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатының артындағы аласалау қара ағаштың бұтақтарында бір топ қарға қарқылдасып отыр, бұрынырақта осында бір терезенің болғаны солардың ғана есінде қалса керек.