Weekend
Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашов
Халық арасында «Жүрсіннің жүйріктері» деген тіркес қалыптасып «мынау кім еді» десе, «Жүрсіннің жүйрігі ғой» деп жауап беретін де күнге жетті. Жүрсін Ерман мырзаның айтысқа деген ақ көңілі, шынайы өнерге ден беруі кеше басталған жоқ. Сонау жылдарды артқа тастап, халықтың төл мұрасын насихаттап келе жатқан айтыс өнері – халықтың қазынасы.
Бәсеке мен қарсылас жүрген жерде аяқтан тарту, көңіл қалу одан қала берді мойындамау секілді халыққа түсініксіз өзара даулар туындайды. Айтыстың айналасында болып жатқан түрлі даудың да бірі, Жүрсін Ерманның «Алтын домбырасын» өткізуден басталып еді. Алғашқы ұйымдастыруда бой көсертіп қана қоймай, қанжығаларына алтынмен апталған домбыраның жүлдесін байлаған Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашов «Алтын домбыра» айтысында ғана емес, жалпы Жүрсін мырзаның айтысына шықпай кетті.
Айтыс тізгінін қолына алып жүрген Жүрсін Ерман мырза тек айтыс жанашыры емес, сонымен қата, азулы ақын. Жақында ғана Алматы қаласында кеші дүбірлеп өтті. Өткен кештің қызығы бес томдық кітаптың тұсаукесері емес, қолдарына домбыраларын, тілдеріне кешірімдерін сала келген Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашовтың «Құлманбет» айтысқа шығуы еді. Сіздерге қос ақынның айтқан ойларын ұсынып отырмыз:
Жандарбек Бұлғақов:
Жүрсін аға ең алғаш өзің танып,
Бата беріп қалап ең өскенімді.
Бір-ақ көп айтысыңа шықпай қалдым,
Ескі алып неғыламын ескі өмірді.
Дәл бүгін өзіңізбен татуласып,
Болсақ па деп отырмын қош көңілді.
Әдейі Астанадан шығып едім,
Сылтауратып бүгінгі бес томыңды.
Жүрсін аға, жеңілдім «здаюсь» деп,
Көтеріп келіп тұрмын, ей, шіркін, қос қолымды!
Балғынбек Имашов:
Еу, ағайын!
Бұл жерге сыйлап келдім көне досты,
Жүкең мен Балғынбектің беделі өсті.
Мыналар шақырып-ап мазақ қылды-ау,
Демедім Құлманбетке неге қосты.
Балғынбек қатты ет болмай кім болады,
Жалғыз өзім шықтым ғой из 90!
Еу, Жүке!
Алашқа мәшһүр сіздің есіміңіз,
Аймайды Қобыландыдан кесіміңіз.
Балғынбек деп ағасын жаға көріп,
Алдыға салып қойды бес ініміз.
Жалғыз ұл деп жүректі ауыртып ең,
Бүгін міне тербелді бесігіңіз.
Тұсауын жаңа ғана кесіп жатқан,
Бес томыңыз секілді бес ұлыңыз.
Құдайым денсаулықты беріп сізге,
Күн сайын арта берсін несібіңіз.
Асанәлі ағам банкет жайлы айтып қалды,
Білмеймін не әзілі, не шыныңыз.
Сақалы Балғынбектер келіп қалып,
Біразға ұнамай тұр пошымыз.
Әдемі отып жатқан вечеріңіз,
Халал той болып кетсе, кешіріңіз!