Әлем жаңалықтары

"Нағыз махаббат". Оппозиционердің әйелі болу деген...

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный бүгінде бүкіл әлемге танылып қалған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Путин сарайы" атты фильміне Ресей ғана емес, әлем реакция білдіріп жатыр. 6 күн бұрын YouTube-те жарияланған фильм бүгін 91 200 472 рет қаралып үлгерді. Және бұл цифр сөзсіз көбейеді.

Алайда біздің қазіргі айтпағымыз Навальныйдың оппозиционерлігі емес, президенттің қас жауына қолдау білдіріп, түрмеден күтіп, өзінің де еңсесі түспей, күйеуін биікке көтеріп отырған әйелі – Юлия Навальная жайында болмақ.

Ерлі-зайыптының мына фотоларын әлеуметтік желі қолданушылары “нағыз махаббатқа” теңеді. Сүйсінді.

Ал Юлия Навальная кім?

1976 жылдың 24 шілдесінде дүниеге келді. Халықаралық және экономикалық қатынастар факультетін бітірді. Навальныйдың қызметі жайлы нақты дерек жоқ. Кейбір БАҚ өкілдері оның банк қызметкері болғанын жазады. Енді бірі Навальнаяның мүлдем жұмыс істемейтінін айтқан.

Екеуі қалай танысты?

Юлия мен Алексей 1998 жылы Түркияда танысқан. Ол кезде екеуінің де жасы 22-де болды. Мәскеуге келіп, қыз-жігіт ретінде қол ұстасып жүре бастайды. 2000 жылдың тамызында шаңырақ көтерді. Даша және Захар атты ұл-қызы бар.

“Ең жақыным – әйелім”

Екеуінің махаббатын ресейлік жастар үлгі тұтады екен. Әрі берік некесінің құпиясын ерлі-зайыптылар “нағыз дос бола білуімізде” деп жауап берген.

Өмірлері нәзік романтикадан гөрі юморға толы. Оны төмендегі жазбалары дәлелдейді.

“Юля, әмиянымда әрдайым сенің фотоңның жүргені қандай жақсы. Туған күніңмен”, - деп құттықтапты Алексей Навальный өзінің жарын.

“Менің ең жақын досым әйелім. Оған үнемі “Сен маған қарап отырмасаң, ас батпайды, ұйықтай да алмаймын” деп айтамын. “Симпсондардың” ең танымал цитатасы екеуміздің өміріміз”, - деді оппозиционер бір сұхбатында.

Ал Юлия күйеуінің кез келген шешімін, қадамын қолдап отыратынын айтты.

“Мен оның жеке пікірін сыйлаймын. Жұмысына қатысты ақыл айтып, миын ашытпаймын. Ол өзіне қажеттісін өте жақсы біледі.

Мен білікті заңгерге немесе оппозиция лидеріне тұрмысқа шыққан жоқпын. Алексей деген бозбалаға жүрегімді табыстадым. Әу бастан оның мақсаттары мен армандарын білдім. Сол үшін “өмірім мен ойлағандай болған жоқ” деп айта алмаймын”, - деді бір сұхбатында Юлия.

Оппозиционердің баласы болу...

Әкелері алыста не түрмеде болғанда Юлия екі баласын қалай тәрбиелейді? Бұл тақырыпта да Навальныйдың жары шындығын айтты.

4 немесе 5 жасында Даша әкесінің қайда екенін жиі сұрайтын. Мен де өтірік айтып, баланы алдамадым. “Әкең митингке қатысып, шындықпен күресіп жүр. Әділдік үшін күресіп жүр” деп шынайы жауап беретінмін. Даша үшін мұндай жауап қалыпты. Ол да әкесін қолдайды”, - деді Юлия 5 жыл бұрынғы сұхбаты барысында.

Тіпті Навальныйдың түрмеге түскен күндерінен де балалары хабардар.

Қазір есейген, бойжеткен ұл-қызы да елдегі әділдік үшін ата-анасымен бірге күресіп жүр.

Оппозиционердің әйелі халықтың алдына көп шыға бермейді. Көбіне үй шаруасы және бала тәрбиесімен айналысады. Instagram-дағы парақшасына да отбасылық фотоларды жиі салуға тырысады.

“Қандай жолы болғыш адаммын. Лотереяны ұтып алғандаймын. 22 жыл бұрын нағыз махаббатымды, ең жақын досымды кездестірдім. Алексей екеуміз танысқанда жасымыз небәрі 22-де болды. Құрдас болғанымызға қарамастан ол менің жол көрсетушім. Батыл, тұрақты, ақылды, мықты жан менің күйеуім”, - деп жазба қалдырды Навальная 4 күн бұрын.