Қоғам
Мәжілісте зейнет жасын төмендету ұсынылды
Мәжіліс депутаты Александр Милютин азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Депутат қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп есептейтінін айтады.
"Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы да аз. Сондықтан біздің партия бұрын жақсы нәтиже көрсеткен зейнетақы жүйесіне оралуды ұсынады. Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі - еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру. Азаматтың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы керек. (...) Құқықтық зейнетақыны жыл сайын индекстеу номиналды инфляцияны ғана емес, сонымен бірге нақты тұтыну бағаларының өсу индексін, сондай-ақ жалақының өсу индексін де ескеруі керек", - деді Александр Милютин Мәжілістің жалпы отырысында.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары бұған дейін Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдаған еді. Бұған Үкімет басшысының баспасөз қызметіндегілер "Қазақстанда зейнет жасын ұзарту мәселесі қарастырылмайды" деген жауап берген болатын.