Bugin

Қазақстан экономикасының дамуы Ахметжан Есімовке байланысты

Ұлттық экономиканың капитаны - Есімов

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов 19 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен еді. Мемлекеттік холдингтың бас менеджері 2020 жылдың қорытындысы жайлы баяндады.

Ахметжан Есімовтың есебінше, бүкіләлемдік дағдарыс пен коронавирус пандемиясына қарамастан, "Самұрық-Қазына" қоры шығынға ұрынбай, керісінше, әжептәуір табысқа кенелген. Несиелерді жауып, тұрақты даму жолына түскен көрінеді.  

"Қорға қарасты компаниялар қызметкерінің жаппай қысқаруына жол берген жоқ. Қор компанияларының активтерінің өсімі 800 миллиард теңгеге жеткен", - делінген Ақорданың ресми сайты таратқан ақпаратта.

Алайда әл-ауқат қорының шығынға ұшырамай, пайда мен табысқа қол жеткізгені – құр көпірме немесе "қолдан жасалған" баяндама.

Кz.media-ның жазуынша, Есімовтың баяндамасы – жай ғана манипуляция. Өйткені жылдың басында теңгенің долларға шаққандағы құны 382 теңге, кейін 420 теңгеге дейін құлдырағаны белгілі.

"Одан әрі айтайын, Қазақстанда девальвацияның жалғасқанына 5 жыл болды. Осы уақыт бойы біздің мемлекеттік органдар экономикалық өсімнің көрсеткіші ретінде құлдыраған теңгенің бағамымен есептеп, бағалап жүр", - деп жазады мақала авторы.

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ – Қазақстан ұлттық экономикасының қазы-қартасы, ең қоңды бөлігі. Оған "ҚазМұнайГаз", "Қазтрансойл", "Қазақстан темір жолы", "Қазпошта", "Қазатомпром", "Эйр Астана", "Самұрық-Энерго", "KEGOK" сынды  холдингтер қарайды. Бұл ұлттық компанияларда 300 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

2019 жылға есепке көз жүгіртсек, әл-ауқат қорына жататын компаниялардың құны 26,4 трлн теңге немесе 71 млрд долларға бағаланған. Бұл елдің ЖІӨ-нің 40 пайызын құрайды. Сол жылы Қазақстанның ЖІӨ-і 181 млрд долларды құраған.

"Яғни, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры – ұлттық экономиканың белді бөлігі, негізгі табыс көзі. Оның биылғы табысы бүкіл елдің бюджетіне тең. Демек, Ахметжан Есімов пен Ұлттық банктің басшысы – Қазақстан экономикасының капитандары", - деп жазады басылым.

Ал "Самұрық-Қазынаның" жанында ұлттық экономика министрлігі жай ғана қолбала боп қалмақ. Министрліктің өзі самұрыққа қол жайып отыр.

Сондықтан ұлттық холдингті басқару менеджменті Қазақстан негізгі қаржы әкелуші, бюджет жасаушы мамандар. Ал оның басында, әрине, топ-менеджер ретінде Ахметжан Есімов тұр.