Денсаулық
Алматыда 1 ақпаннан №4 қалалық емханада ресейлік "Спутник V" препаратымен коронавирусқа қарсы вакцинация басталмақшы
Бұл туралы Bugin.kz платформасы Vласть басылымына сілтеп хабарлайды.
Мекеме қызметкерлері алдымен 270 адамдарға вакцина салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы емхананың бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Зарина Алтынбекова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Препараттар емханаға 1 ақпанға дейін суық тізбекті сақтай отырып жеткізіледі. Емханада мұздатқыш камералар мен термоконтейнерлерді қоса алғанда, препаратты сақтауға арналған жеткілікті жабдықтар бар.
Вакциналау үшін емханада екі егу бөлмесі жабдықталды. Бірінші кезекте аурухана қызметкерлері оның ішінде: жедел жәрдем, жан сақтау бөлімі, қабылдау бөлімі қызметкерлері вакцинацияланады. Олардың кез келгені вакцинациядан бас тартуға құқылы. Күн сайын бір егу бригадасы 60 адамнан, ал жылжымалы бригада 40 адамды вакциналайтын болады.
Вакцинация екі кезеңде жүргізіледі. Алдымен препаратты 0,5 мл дозада енгізеді. 21 күннен кейін осындай дозада II компонент енгізіледі. Вакцинациядан бұрын әркім дәрігердің міндетті тексеруінен өтіп, вакцинациядан кейінгі мүмкін болатын асқынулармен танысуы керек. Вакцинациядан кейін медицина қызметкерлері 30 минут ішінде науқасты бақылайды.
Бірінші кезеңнен кейін үш күн ішінде науқаста қызба, әлсіздік, бас ауруы, ауырсыну және ісіну болуы мүмкін. Вакцинацияның екінші кезеңіне дейін пациент қайтадан міндетті тексеруден өтуі керек.
"Вакцинадан соң жағымсыз әсерлер пайда болған жағдайда медицина қызметкерлері пациентке көмек көрсетуге, қажет болған жағдайда стационарға уақтылы жатқызуға міндетті", - деп түсіндірді Зарина Алтынбекова.
Вакцина науқастарға, жүкті әйелдерге, аллергиясы бар жандарға және кәмелетке толмағандарға егілмейді.