Саясат

Статистиканы “ептей алмай” отырған министрлік халықты қалай вакцинацияламақ?

Тоқаевтың тоғы ұрса да мыңқ етпейтін министрлік пен оның саясаты туралы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1.Түсінікті болуға бір мысал келтірейік. Күзде құс тұмауы өршігені белгілі. Айталық, Қазақстан бойынша әр күні пәлен құс қырылып қалды, түгені өлім әлетінде жатыр деп жарияланады. Республикадағы тәуліктік жиынтық есеп аймақтардан алынатыны - аксиома.

Дәл сол сияқты ПТР талдауы көрсетпесе де, клиникасы арқылы анықталған коронавирус пневмониясы (КВИ-) бүгінгі таңда бір күнге кешігіп ел бойынша жалпы есебі беріліп келеді. Сәрсенбі, яғни 27 қаңтар таңда дүйсенбіде (25 қаңтар) тіркелген 130 науқастың саны жарияланды.

Мәселе неде деймісіз? КВИ+ жолға қойылған. Бүгін анықталған науқас пен өлім көрсеткіші ертеңгісі таңда хабарланады. Бұл ПТР тесті арқылы коронавирус табылған-расталған мәліметтер. Әр аймақтағы дерек санамалай көрсетілген. Ал КВИ- республикалық есебі күн сайын жарияланғанымен, аймақтардағы есебі сол мезетте емес әр онкүндікте EXEL форматта беріледі. Министрлік қолда бар деректі еш негізсіз он күнге кешіктіріп береді. Себебі рсы уақытқа дейін ДСМ АЖ жедел деректері болып саналатын коронавирус пневмониясының бірде-бір кейсі кейіннен кемітілгені не жарамсыз диагноз ретінде алып тасталған жоқ. ДДСҰ дерекқорындағы Kazakhstan профайлында министрлік ұсынған ресми есеп орналастырылады.

Тоқетері, КВИ+ пен КВИ- науқастарының республикалық саны күнделікті беріледі. Ал дерегі белгілі болса да пневмонияның аймақтардағы есебі жарияланбай қалып қояды. ДСМ осылайша аса маңызды статистика ісіне салғырттық таныта отырып, азаматтар мен мамандардың аймақтардағы ахуалдан дер кезінде хабардар болу құқығын қолдан шектеп отыр.

2. КВИ- ауруының әр дүйсенбі мен сейсенбідегі есебінде өткен аптаның сенбі-жексенбі күндері тіркелген дерек жарияланады. Себебі денсаулық сақтау жүйесіндегі статистика ісі жолға қойылмаған. Басқасын айтпағанда, ашықтық және естуші мемлекет үдесінен бізден көш ілгері Қырғызстан Үкіметінің редакцияүа берген жауап хатына қарағанда, онда КВИ- дәл КВИ+ тәрізді автоматтандырылған. Сейсенбі күні тіркелген аурулар саны ертеңіне бірден түстеліп жариялана қояды.

Ал бізде өткен күні "жалпы мынанша" жағдай анықталыпты деп айта алмайсыз. Себебі бүгін сейсенбінің КВИ+, дүйсенбінің КВИ- жарияланды. Сондықтан "бір күнде пәлен науқас анықталды" деп КВИ+ & КВИ- бірге айту – өрескел қате (Мұны министрлікке 4 ай хат жазып, брифингте айтысып жүріп, әрең түзеттік. Ресми хабарламаға кішкентай "ескертпе ен" салғызу көп қайратты жеді).

3. Қазан айында ДенМин (сол кездегі ресми өкілі Бағдат Қожахметов) екінші толқында сенбі-жексенбі, демалыс не мерекеге қарамай, КВИ статистикасын толық штатта жүргізуге уәде берген. Алайда әлем індеттің үшінші толқынына қамданып жатқанда, бас санитар екінші толқын жүріп жатқанын мәлімдесе де, жексенбі күні КВИ- шалдыққан 8, дүйсенбі 130 науқас тіркеліп отыр. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің пандемия шағында да толық жұмыстануға қауқарсыз екенін аңғартса керек. Әр сенбі-жексенбіден кейін КВИ- еселеп өседі. Бұдан кейін статистиканың реалды сипаты қалай сақталсын?

ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ҮКІМЕТКЕ IV ТАЛАП:

1. КВИ+ тәрізді КВИ- кейстерінің аймақтардағы есебі күнделікті жариялануы тиіс.

2. КВИ+ пен КВИ- табылған науқастар мен қайтыс болғандардың есебін алаламай, бір күнде жинақтап-жариялауды жолға қойылсын. Сонда ғана "өткен күні жалпы жиынтығы ПӘЛЕН жағдай анықталды" деп, ақиқатқа сүйеніп айтуға болады.

3. Coronavirus2020.kz және ҚР ДСМ сайттарындағы алағұлалықты тыю қажет. Осының кесірінен Қазақстан эпидемиологиялық индикаторлар бойынша халықаралық дата-ресурстарда әртүрлі көрсетіліп жүр. Науқастар мен қайтқандар саны бойынша бірінде 51-ші (ДДСҰ), кейбірінде 70-ші (Worldometters, Uni.Dj.Hopkins) орында делінген. Себебі екінші қатардағылар ағылшынша толық берілмеген ақпарға сай, тек КВИ+ дерегіне сүйенуге мәжбүр.

4. Тоқаев статистика рейтинг межесін сақтау үшін бұрмаланғанын, шынайы жағдай басқаша екенін өзі анықтап айтты. Соның есебін егжей-тегжейлі беруді талап етеміз.

"Маусым-шілде қырғынына" жол беріп алған үкімет құрамы еш жауапкершіліксіз қайта орнында қалды. Хош. Тар өткелде тұлпар ауыстырмайық десті ақсарайшыл көп. Көндік. Бірақ жарты жылдан бері заманның күн тәртібінде тұрған елдегі пандемия тынысын көрсететін COVID статистикасын ретке келтіре алмай отырғаны таңғалдырады.

Бұл туралы бұған дейін жүздеген мақала-жазба жарияланды, сұрау хат түрінде жолданды, брифингтерде айтылды. "Естуші үкіметтің" құлағы тас бітеліп қалған. Қарапайым статистиканың өзін жұлмалап, мәнін кетіріп отыр. 1 ақпаннан басталатын жаппай вакцинациялау науқанын қалай сеніп тапсыруға болады?

Кешегі Үкімет отырысында Тоқаев статистика бұрмаланып жатқанын сөз етіпті. Бұған дейін де, былтыр қарашада айтқан. Сонда министрлік президент пәрменін пысқырмайтыны ма?

Күлтегін Аспанұлы

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61