Әлеумет
Тағдырмен тартысуға бола ма?
Адам дүниеге келмес бұрын оның өмірі, қай уақытта, қандай жағдайда не істейтіні жайлы "тағдыр кітапшасында" жазылып қояды. Бұл туралы адамзаттың басым көпшілігі біледі. Содан болар кей адам басындағы бақытсыздық пен қайғы-мұңын "тағдырыма жазылғаны осы" деген бір ғана сөзге теліп қояды.
Қасиетті Құранда Алла Тағала өзінен арман-мақсатты былай қойғанда аяқ киімнің бауына дейін сұраған пендесіне жауап беретіні айтылған. Ендеше неге Алла Тағалаға дұға ету арқылы өмірімізде бір-ақ рет берілетін өмірді жақсылықпен өзгертуге әрекет жасамасқа? Мәселен, сіздің тағдырыңызға сізге сынақ ретінде жаман жар немесе сәтсіздік жазылуы мүмкін. Сіз әлі ол туралы білмейсіз, иә? Сондықтан да әр күн сайын, Аллаға әрбір еткен дұғаңызда өзіңіз жарыңыздың бойынан көргіңіз келетін жақсы қасиеттер жайлы айтып дұға етіп, сұрай беріңіз, сұрай беріңіз.
Тек дұға арқылы ғана алдыңыздан күтіп тұрған сынақтардан аман-есен өтіп кете аласыз. Әрі Аллаға үздіксіз еткен дұғаңыз бен ізгі амалдарыңыз екі дүниеде де бақытқа бөленуіңізге септігін тигізеді.
Иә, Аллаға еткен дұғаның біз білмейтін құдіреті күшті. Марқұм Абдуғаппар Сманов ағамыздың бір уағызында тағдырына бедеулік жазылған әйелдің оқиғасы бар. Әйел Алламен тікелей тілдескен Мұса а.с пайғамбарымыз арқылы Алладан балалы болу бақытын сұратады. Ал Алла Тағала Мұса а.с оның тағдырына балалы болмау жазылғанын айтады. Бірақ біраз жылдан кейін Мұса а.с әлгі әйелдің балалы болғанына таң қалып, Алладан сұрағанында Алла Тағала ол әйелдің күндіз-түні оның ең көркем есімдерімен тоқтамай дұға еткенінде, Алланың перзент берген оқиғасына қарап-ақ дұға ету арқылы өз тағдырымызды жақсы жаққа өзгертуге болатынын түсіндік.
Қорыта айтқанда, бұл өмірге біз сыналу үшін ғана келдік. Алла Тағала о бастан-ақ адамзатқа таңдау құқығын берді. Демек біз әлі де жақсы жаққа өзгере аламыз. Жақсы адам болып, жақсы жарды кезіктіре аламыз. Алла Тағала дұға ету арқылы, құлшылық ету арқылы, ізгі амалдар жасап, өз-өзімізді тәрбиелеп екі дүниенің бақытына бөлене аламыз!
Айтарым, осы күнге дейін қанша күнә жасасақ та Аллаға қайта оралуға кеш емес. "Алла мені кешірмейді" деп күнәні ары қарай да жалғастыра беру өміріңізде жасаған ең үлкен қателік болады! Мәңгі сізді сүрінуге жазбаған! Қайта өміріңізді мәнді де мағыналы етіп өткізу үшін Алла Тағала бізге қаншама мүмкіндік берді! Бастысы сол мүмкіндікті пайдалану кезінде дұрыс жолды таңдай білсеңіз болғаны!
Өміріңізде қандай қиындық кездессе де жаратылғандардан емес, Жаратушымыздан ғана сұраңыз! Сонда ешқашан ұтылмайсыз!