Bugin

Жазуға шабытыңызды оятатын 3 фильм

Кейде кинодан өзімізді көреміз. Іс-әрекетімізді сырттай бақылағандай боламыз. Сауатты таңдалған фильмнен сабақ алуға да болады. Тіпті, психологияда «кино терапиясы» деген ем-дом шарасы да бар. Ал, бүгін сізге жазуға құштарлығыңызды еселейтін фильмдер тізімін ұсынбақпыз.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Колетт»

Француз жазушысының өмірбаяны негізінде түсірілген биографиялық драма. Колетт ауылда өскен қыз. Тұрмысқа шығып, Парижге көшеді. Күйеуінің  «табысты жазушы» деген аты болғанымен, көбіне туындылары өз қолынан шықпайтын. Орнына өзге біреу ақыға жазып беріп отырған. Вилли оларды кітап етіп басып, үстінен пайда көрген. Бір кезеңдерде жазушы құлдарына беретін қаражаты болмай қалады. Содан, әйеліне қолқа салады. Өйткені, Колетт оған арнап махаббат хаттарын шебер жазатын. Қыз келіседі. Ол жазған туынды бестселлерге айналғаны сонша, нарықта кітаптың атымен сабын, әтір т.т заттар пайда болады. Осыдан кейінгі құрметтің бәріне автор ретінде Вилли бөленіп жүреді. Сұраныс барында тоқтаусыз шығарма жазып отыруға әйелін мәжбүрлейді. Колетт мұндай тордан сытылып шыға ала ма? Фильмді көріп, бестселлер жазушының күйін сезініңіз! Айтпақшы, басты кейіпкердің ролін Кира Найтли сомдайды.

«Сөз»

Роридің жазғанын еш баспа қабылдамайды. Алайда, арманынан бас тартқан емес. Жазуды тоқтатпайды. Бір мезетте оның айы оңынан туды. Атағы жер жарған қаламгерге айналды. Бірақ, кейіпкеріміз мұнысына толық қуана алмады. Себебі, оның есімін елге танытқан туындысы ұрланған еді. Өзгелер білмесе де, өзіне белгілі осы өтірігі оны әрі-сәрі күйге қалдырды. Рори кімнен ұрлағанын да білмейтін. Әйелі сыйлаған портфельден ескі қолжазба тапқан. Оқып шықса, дайын роман! Енді кітап болып жарыққа шыққаннан кейін ғана авторы табыла кетіп отыр. Иесі – қарт кісі еді. Роридің ендігі әрекеті қандай болмақ? Кино желісі қызықты. Сіз де жазушы болсаңыз, біреудің еңбегін көшіріп ала салудың залалы қаншалықты ауқымды боларын көресіз.

«Қош бол, Кристофер Робин»

Әйгілі «Винни Пухтың» жазылу тарихы жайындағы фильм. Автор кішкентай ұлынан шабыт алады. Ұлымен  ұзақ жолдағы әңгіме үстінде қиялына қонжық кейіпкер жайлы туынды келеді. Сюжет тек әдемі картиналардан ғана тұрмайды. Қазіргі көп отбасында кездесетін түйіткілдер көрініс тапқан. Мәселен, жаңағы әке мен баланың бірге уақыт өткізуі де оларға таңсық болған дүние. Қаланың қарбаласынан сағынысып қауышып отырғандары  осы. Баласына алғаш уақыт арнауынан-ақ аты аңыз болған «Винни Пух» өмірге келді. Осы қадамды ертерек жасағанда іздеген шабытына тезірек қауышар ма еді?