Bugin
Медбике естен талып құлаған
Талдықорған қаласының №2 поликлиникасының медбикесі "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін естен танып құлаған. Бұл жайлы Эксклюзив басылымы хабарлады.
Басылымға мәлімет берген дереккөзінің айтуынша, вакцина салдырып естен құлаған медбикені көргеннен кейін кейбір дәрігерлер екпе салдырудан қорқып, одан бас тартқан.
"Шынын айтқанда, дәрігердің көбі шошып отыр. Ал екпе салдырудан бас тартқан дәрігерлерді басшылық "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытып жатыр. Сондықтан кейбірі жұмыстан шығуға дайын", - дейді дереккөзі.
Естен танып құлаған медбике облыстық ауруханаға жеткізілген.
Ал Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы медбикені аурухана дәрігерлері қарап, "қобалжығаны" басылған соң, "үйге қайтарғанын" айтады.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, медбике нейроциркуляторлы дистонияға (жүйке жүйесінің бұзылуы) шалдыққан екен. Екпе салдырғаннан шошып құлағаны содан көрінеді.
"Жағдайы жақсы. Оңалды. Мұндай жағдай шаршаудан, физикалық жүк ауырлағаннан, өмір салтын дұрыс ұстанбаудан болады. Оны тек медикаментозбен емдеу керек", - дейді министрлік.
Сондай-ақ, министрлік екпе жасатудан бас тартқан дәрігерді жұмыстан шығаруға ешкімнің қақысы жоғын және мұндай жағдай болған кезде, министрлікке хабар беру керегін жеткізді.