Bugin

Мүсінге жан бітірген Бақытжан Әбішев

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның атақты мүсінші, суретшісі Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бақытжан Әбішев – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Ленин комсомолы сыйлығының және халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақ халқының мүсіндік өнеріне үлкен үлес қосып, қалың жұртшылықтың көңілінен орын таба білген жан. Оның қолынан шыққан кез келген мүсіннің өзіндік ерекшелігі мен астары бар. Атап айтсақ, Атырауда орналасқан «Исатай мен Махамбет», «Исатай Тайманұлы», Ақтөбеде орналасқан «Әлия Молдағұлова», Алматыдағы «Жамбыл Жабаев», «Әл-Фараби» сынды ірі мүсіндердің авторы.

Бүгінде Бақытжан Әбішевтің өз қолымен жасаған мүсіндері брендке айналды десек те қателеспейміз. Себебі тас пен қола дәуірінің кезеңін аңғартатын қыш пен қоладан жасалған туындылары халық көңілінен шығып, бүгінде ҚР мемлекеттік орталық музейінің төрінде тұр.

Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» көрмесі Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясының студенттерінің орындауында күймен ашылды. «Қазақтың қай өнерін болса да, бағалай білетін халықпыз. Сондықтан Бақытжан ағамыздың туындылары бүгінде музейіміздің төрінде тұр деп есептеңіздер» деп сөз басын ҚР мемлекеттік орталық музейінің директоры орынбасары ашып берді де музей атынан алғысын білдіре отырып, Бақытжан Әбішевтің аяулы жары Шәмшәгүл Меңдияроваға шағын сыйлықтарын ұсынды. Сөз кезегін Шәмшәгүл Меңдиярова алып, көрмеге келген жарының ағайын-туысына, достарына, әріптестеріне алғысын жаудырды.

Бақытжан Әбішевтің адамгершілігін, қарапайымдылығын, еңбекқорлығын кезекпен жарыса айтқан әріптес, достарының арасында Т.Жүргенов өнер академиясының тәжірибелі педагогы Болат Тұрғынбаев, ҚР құрмет орденінің иегері Тілеуберді Мердешұлы, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов болды.

«Мен ұстазбын, мақсатым – шәкірттерімнен, жас әріптестерімнен үлкен суреткер тудырсам деймін. Арманымның қаншалықты орындалатынын білмеймін, бірақ талантты, ойы терең, өнерде өзінің бағытын айқындаған ізбасарларым баршылық...» деп ұрпағына сөз жазып кеткен Бақытжан Әбішевтің музей қабырғасында ілулі тұрған суретіне жары Шәмшәгүл Меңдиярова қарап тұрып, көрме соңында халық алдында өз уәдесін берді. Ол өз сөзінде «Жұбайым 70 жасқа толып кетті. Ақтауға, Атырауға, Алматыға көрмелерімді жасасам деп армандады. Атырау мен Ақтауға жасадық. Енді міне өзі жоқта Алматыда көрмесі өтіп жатыр. Бәке, сенің бір арманыңды орындадым деп ойлаймын. Бірақ, бұдан кейін тоқтап қалмаймын. Әлі де жұмыс жасайтын боламын» деді.

Ескерте кетсек, Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» көрмесі 2019 жылдың қазан айының 30-на дейін жалғасты.