МӘДЕНИЕТ

Қастеевтің шөбересі: Күйеуім болмаса, атамның ізімен жүрмес едім

Ол – қазақтан шыққан тұңғыш суретшінің шөбересі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иә, Әбілхан Қастеевтің немере-шөбересі көп. Тіпті бәрі дерлік өнер жолында. Алайда бүгінде суретші-дизайнер Айсаным Қастееваны халыққа танытқан  2017 жылы көгілдір экранға шыққан “Я люблю тебя, Ақерке” фильмі болды. Қатерлі ісік ауруынан қайтыс болған арудың рөлін сомадаған Айсаным бүгін не істеп жүр, немен айналысады? Атасының ізімен суретшілікке бет бұрды ма? Bugin.kz платформасы сұхбаттасып біліп көрді.

Bugin: Айсаным Қастеева – Әбілхан Қастеевтің шөбересі. Және?..

А. Қастеева: Иә, мен Әбілхан Қастеевтің шөбересімін. Нағашы атам Мұхит Калимов та Қазақстанға еңбегі сінген кескіндемеші. Аталарымның ізін жалғап, сурет өнерінен өзім де алыстаған жоқпын. Дизайн мамандығы бойынша колледж бітірдім. Өнер университетін «Театр және костюмдер бойынша суретші» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сөйтіп өз жолымды, орнымды таптым. Бүгінде сүйікті ісіммен айналысып жүрген асыл жар, аяулы анамын.

Bugin: Суретші екенсіз. Бұл қасиет бойыңызға ана сүтімен, әке қанымен дарығанын білдік. Яғни әкеңіз бен анаңыз жақтан да суретші аталарыңыз бар. Айтыңызшы, сурет салуға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

А. Қастеева: Жоғарыда айтып өткенімдей, суретшілер ұрпағымын. Аталарым суретші, әкем дизайнер. Анам да бейнелеу өнерінен сабақ беретін мұғалім. Ал нағашы әжем Лиза Қалимова кесте тігумен айналысты. Ә. Қастеев мұражайында еңбек еткен суретші-рестовратор.

Шыны керек, өзім суретке алғашында қызығушылық таныттым деп айта алмаймын. Өзге армандарым, қалауым болды. Айналамның бәрі өнер адамдары болғандықтан бұл салаға ұмтылған емеспін. Жаңа дүниені қаладым. Алайда тағдырдың өзі мені осы жолға айдап әкелді.

Bugin: Сонда бойыңызда “Аталарым суретші, мен де іздерін жалғауға тиіспін” деген ой болды ма? Әлде қалай?

А. Қастеева: Жоқ, ондай ойдан ада болдым. Мойындаймын, мектепте оқу үлгерімім нашар болғандықтан колледжге түстім. Бірақ дәл қандай мамандыққа түсетінім жайлы мүлдем ойланбадым. Не керек, анамның таңдауымен дизайн мамандығына түстім. Қалауым басқа болса да оқыдым. Сенесіз бе, судың үстіндегі кеме секілді өмірдің өзі мені өнерге әкелді. «Сен өнер үшін жаралғансың» деген сөздер әсіресе жұбайымның аузынан көп шығатын. Ол кісі болмаса, бұл салада бағым дәл бүгінгідей жанбас еді.

Айсаным Қастееваның жұмыс процесі

Bugin: Қазір ұлттық нақыштағы суреттер саласыз. Сурет өнерін киім үлгілерімен байланыстырып жүрсіз. Ал бала күніңізде не салдыңыз?

А. Қастеева: Иә, ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи стильмен байланыстыратынмын. Ал бала күнімде барлық бала секілді табиғат, таудың суретін салдым. Бірақ көбіне мультиктерді көріп, ондағы ханшайым, барбилердің бейнесін, көйлектерін салатынмын. Тек болашақта көйлек дизайнері боламын деп ешқашан ойламаппын.

Әнші Балжан Бидашқа арнайы тігілген костюм

Bugin: Шабытты қайдан аласыз?

А. Қастеева: Бұрындары осы сұраққа жауап беруге қиналатынмын. Шабыт дегенде көз алдыма бір дүниені не бейнені елестете алмайтынмын. Әйтеуір әдеміліктен, табиғаттан деп жауап беріп құтылатынмын. Дегенмен уақыт өте келе «шабытты еш жерден күтпеу керек» екенін түсіндім. Мәселен, дәл қазір маған бір тапсырыс түсті делік. Мен ол кісінің тапсырысын орындау үшін шабыттың келгенін күтіп жатпаймын ғой. Сондықтан шабыт ол сенің көңілің, ниетің, қалауың. Қаламды, қағазды аласыз, үстелдің басына отырасыз, ниетіңізді оятасыз да, ісіңізге кірісесіз.

Bugin: Адам қандай да бір туынды жасарда, тыныштықты қалайды. Ісіне берілетіні соншалық, оны ешкім мазаламауы тиіс. Туындысы біткенше, қалыптасқан аурасынан шыға алмауы мүмкін ғой?! Сіздің туындыларыңыз қалай жасалады?

А. Қастеева: Менің туындыларым бүгінде үй шаруасы мен баламның ортасында дүниеге келеді. Тыныштық деген түсінікті ұмытқалы қашан (күліп) Менің атмосферам – ол балам, жарым, үй шаруасы және қағаз бен қалам. Бұлар мен үшін бүгін бір-бірінен ажырамайтын бір бүтін.

Bugin: Күйеуіңіз де өнер адамы екен. Егер күйеуіңіз өнерге жақын болмағанда, қалай ойлайсыз, сізді түсіне алар ма еді? Жалпы өнер адамын түсіну, оның жанына үңілу қиын ба?

А. Қастеева: Күйеуім өнер адамы болғандықтан мен бүгін өнердің биігіндемін. Ол сәулетші, бала күнінде суретшілікке қызықты. Сондықтан менің ісімді, жұмысымды одан артық түсінетін жан жоқ. Үнемі қолдау көрсетеді. Ол кісінің «Сен өнер үшін туған жансың, ойыңды жүзеге асыр, керемет туындыларыңды дүниеге әкел» деген сөздері болмаса, мен әлі күнге дейін өзімді таба алмай жүрер ме едім. Ал қазір шығармашылықтан өзге салада өзімді көрмеймін. Сүйіктім сүйікті ісімді табуға көмектесті.

Екінші сыңарыңыздың сізді түсінуі кез келген салада маңызды. Егер жүрек қалауыңызға үңілуді білмесе, төрт қабырғада қамалған үй шаруасындағы әйелге айналасыз.

Bugin: Қазақы нақыштағы киімдерді заманауи стильмен байланыстыра білдіңіз. Тапсырысты көбіне кімдер береді? Кімдер үшін тігесіз?

А. Қастеева: Менің көйлектеріме қолөнерді жоғары бағалай білетіндер ғана тапсырыс береді. Эстрада жұлдыздары да бар, қарапайым халық та бар. Дегенмен киімге тапсырыс жиі түседі деп айта алмаймын. Себебі бағалары қолжетімді емес. Ал өзім жұмысымды жоғары бағалаймын. Сол себепті туындыларымды өнердің бағасын, құнын көтере білетін, түсіне білетін адамға арнаймын.

Ал қолөнерді түсінбейтін жан қажетін өзі жасап алса деймін. «Киімдеріңнің бағасы тым қымбат, неге халықтың қамын ойламайсың» деп жазатын жандарға айтарым: өзіңіз киім тігіп көріңіз, ою-өрнегін өзіңіз салыңыз, идеясын өзіңіз қалыптастырыңыз.

Bugin: “Я люблю тебя, Ақерке” фильміне түстіңіз. Сіздің рөліңіздің арқасында әр адамның көзінде “Ақерке” бейнесі қалыптасқан. Рөлді аша білдіңіз. Сізбен, Ақеркемен бірге халық уайымдады, түбі қайтыс боларын білсе де, тілекші болды. Өмірде шынайы болған жанның рөлін алып шығу сізге қаншалықты қиын болды?

А. Қастеева: Өмірден өткен қыздың рөлін сомдау мен үшін жауапкершілігі мол іс болды. Ең бастысы Ақрекенің ата-анасы алдында қатты қобалжыдым. Менің образымды, мінезімді қалай қабылдар екен деп уайым кештім. Премьера алдында ұйықтамай шыққаным есімде. Бірақ ол кісілер менің рөлімді өте жақсы қабылдады. «Сені көріп, қызымызды көргендей болдық» деп анасы жылап мені құшқан еді. Әлі күнге дейін Бибінұр апаймен (марқұм Ақеркенің анасы) хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Мен үшін ең қиыны, ауыры – сол болды.

Айсаным Қастеева "Я люблю тебя, Ақерке" фильмінде

Өмірде шынайы болған әрі жалындап тұрған жастық шағында қайтыс болған қыздың рөлін сомдап шығу – маңызды клиентке костюм тігуден де ауыр жұмыс. Тіпті, фильм үшін шашымды тақырлап алдым. Оның өзі маған қиынға соққан жоқ. Тек сол сәтті шынайы жеткізсем екен деген ой болды көкейімде.

Фильмді көрген жандар өмірді, жақын адамды бағалауды үйренді деген үміттемін.

Bugin: Фильмнен кейін ұсыныстар түскен жоқ па?

А. Қастеева: Жоқ. Бір рет кастингке шақырды.

Bugin: Егер ұсыныс түсіп, актерлікті таңдаған болсаңыз, суретшіліктен бас тартар ма едіңіз?

Актриса болуыма, біріншіден, күйеуім рұқсат етпес еді, меніңше. Осы жерде айта кетерім, «Я люблю тебя, Ақерке» фильміне күейуім Нұрлан Наурызбаев екеуміз бірге түстік. Ақеркенің махаббаты Азаматтың рөлін Нұрлан сомдады.

Өзімді бұл салада көрмеймін. Таңдаған жолымнан кері шегіну – маған жат қылық. Мен жолымды таптым.

Bugin: Суретші Айсаным Қастееваның өмірлік ұстанымы (принципі) қандай?

А. Қастеева: Нақты ұстанымдарым бар деп айта алмаймын. Мен үшін бастысы – мейірімділік. Суретшіліктің өзі мейірімділікті талап етеді. Әрі мұндай қастерлі қасиеттерге мені тәрбиелеп жүрген – күйеуім. “Айта берді” демеңіз, шыны керек, мен өмірді сол кісі арқылы таныдым. 

Bugin: Айсаным Қастеева қазақтан шыққан тұңғыш суретшінің үмітін ақтай алды ма?

А. Қастеева: Бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Уақыттың еншісінде. Өнер жолына енді-енді қадам басып келемін. 3 жыл өте аз. Ал қалғанын уақыт көрсетер, бағасын халық берер.

Bugin: Әбілхан Қастеев секілді тарихта «суретші» болып қалғыңыз келер ме еді?

А. Қастеева: Тарихта қалғым келмейді десем өтірік болар. Әр адам өз ізін қалдырғысы келетін шығар. Дәл Әбілхан атамдай тарихи тұлға атанбасым анық. Алайда алдағы ұрпақ менен тек жақсы сабақ алса деген ниетім бар.

Сізге сәттілік, Айсаным

Айсаным Қастееваның өзге туындыларын @aisanym_qasteeva парақшасынан көре аласыз