Экология
Қарым-қатынас – тіршілік етудің басты жолы. Адамдардың қарым-қатынас құралы – тіл. Ал сіз жануарлардың біз сияқты сөйлейтінін білесіз бе?
Ертеден келе жатқан Сүлеймен патша туралы аңыз бар. Аңызда патша жер жаhандағы бар жануардың тілін біледі, сөйлесе алады деседі. Австрияның əйгілі зоолог-ғалымы Кондр Лоренц былай деп жазады: Сүлеймен патша сиқырлы сақинасыз-ақ аң-құспен сөйлесіпті десе мен сенер едім. Егер жануарлардың дыбыстауын тілі десек, соның тілін зерттеу арқылы адам жануарлар тілін толық түсіне алады. Əрине жануарлар тілі адамға ұқсамайды. Дегенмен олар да өз арасында сөйлеседі.
Біз көбінесе жануарлардың бір-бірімен тілдесуін қабылдай алмаймыз, оның нəтижесін ғана байқап жатамыз. Ал құстар мен сүтқоректілерге келсек олардың тілі бар екенін, тіпті оны түсінуге болатынын жиі байқаймыз. Мəселен, қаздың "га-га-га" дегені "тезірек, тезірек жүріңдер" деген мағынаны білдіреді. Ал одан гөрі ұзағырақ га-галаса "мына жерде жем бар, біраз аялдайық" дегені. Қызық көрінгенімен расында да солай.
Пілдер басын, тұмсығы мен құлағын қимылдатып, ыммен сөйлеседі. "Олар осы əдіспен көңіл-күйлерін өте жақсы білдіреді. Бүгінге дейін пілдің бас,тұмсық, құлақ қимылдарының 19 түрінің мағынасы белгілі болды" деседі ғалымдар . Жануарлардың тілін білу жəне зерттеудің өзіндік маңызы бар. Адам мен жануарлардың арасында тікелей байланыс орнату ғылымға да практикалық тіршілікке де пайда келтіреді.
Өзен-көл, теңіздер мен мұхиттарды мекендейтін жан-жануарлардың тілі де сан алуан. Тілдесу тілі ең көп дамыған жануар-дельфин. Ғалымдар қазірдің өзінде-ақ дельфиннің тілі өте күрделі жəне аса бай деген болжам жасап отыр. Дельфиндер тілінің "əлемдік" тіл екені де дəлелденді. Бұл үшін Тынық мұхитта ұсталған дельфиндер мен Атлантика мұхитында өскен дельфинді телефон арқылы сөйлестірді. Сонда олар бір-бірінен 8000 км қашықтықта тұрып-ақ бір-бірінің айтқанына түсініп, бір-біріне жауап қайтарған.
Жан-жануарлардың тілдерін тезірек зерттеп, көбірек үйренген сайын оларды адам игілігіне пайдаланудың өрісі кеңейе бермек. Біз тек мультфильмдерден көріп жүрген жануарлардың берік қарым-қатынастары шынайы өмірден алынған. Біз білмейтін табиғат құпияға толы. Ал сіз мүмкіндік туса қандай жануармен сөйлесер едіңіз?