Weekend
Заман өзгерді ме? Адамдар өзгерді ме?
Цифрлық төңкеріс арқасында қазір қолымыздағы жылдам ғаламтор, компьютер, смартфондарымыз бар. Олардың қызметі сан қырлы. Тек әр индивидтің, не топтың қалауындағы нәрсесін береді. Білім алғыңыз келсе тегін білім көзі. Сергіп қалуды қаласаңыз тегін демалыс, ойын-сауық көзі. Яғни, адамзаттың бұрын қиялында болған нәрселер қазіргі уақытта шындыққа айналды. Жер шарының бір бұрышынан келесі бұрыштағы бауырымызбен «видеохабар» арқылы сөйлесе аламыз. Ғаламтор жылдамдығы жылдан-жылға өсуде. Бұрын ауыр болған іс қазіргі уақытта көзді ашып жұмғанша шешіледі. Нағыз утопия.
Алайда, бұл ғаламаттың өзіндік кемшіліктері бар. Басында атап өткендей, ғаламтор арқылы лезде өз ақпараттарымызбен бөлісе аламыз. Мысалы, бәрімізге таныс Facebook әлеуметтік желісінде өзіміз жайлы емес, өзгелер туралы да ақпараттар ала аламыз. Бір жағынан ауруға айналған “Like” жинаудың арқасында өз эгомызды басамыз. Ал кейбірі сол “Like” арқылы ақша табады. Енді бірі “Like” үшін хайп жасауға дайын. Әлеуметтік желілердің адам өміріндегі рөлінің ерекше болып бара жатқандығы сонша: жарты күніміз ғаламтор желісінде өтеді. Ал атап өткен Facebook желісін 2017-жылғы ақпараттарға сүйенсек 1,968 млрд. адам қолданған.
Өміріміздің бір бөлшегіне айналған ғаламтордың зиянынан пайдасын көбірек көрудеміз. Әйтсе де, иығыңның бір жағынан демалып тұрған ғаламтордың сыры көп. Басында атап өткен әлеуметтік желілерде өзіміздің салған барлық ақпараттарымыз жиналған. Ол ақпараттардың барлығы дерлік әлеуметтік желілердің құзырында. Яғни, бейтаныс үшінші жақ біз және біздің отбасымыз, қалауымыз, өмірлік көзқарасымыз жайлы барлық ақпараттарды ала алады. Ал жауың сен жайлы барлығын білгені сені әлемдегі ең әлсіз жанға айналдырады.
Бұл әлемде тегін ештеңе болмайтынын түсіну қажет. Ғаламторға кіру үшін де тариф аламыз, қаражат құямыз. Ал тегін деп есептеп жүрген ғаламторымыз жарнама арқылы ақша табады. Бұл бір тышқанның айналымындай барлығы ақылы. Жарнамадан құтылу үшін тағы да шығын шығарамыз. Жарнамаға көнсек, ғаламтор желілерінің құрсағында кетеміз. Әр индивидтің өз қалауы болғандықтан жарнамаларды да соған байланысты шығарады. Өзіңізде байқаған шығарсыз кеше сіз іздеген телевизор, кеше сіз іздеген дәрі барлық сайттарда сіз тілемей-ақ тапқан жарнама болып орналасады. Бұл – сиқыр емес. Бұл қазіргі шындық. Ғаламтор желілерінде біз туралы барлық ақпарат бар. Сондықтан да, біз оған бағыныштымыз. Бұл – цифрлық антиутопия заманы...