Bugin
Көгалдандыру
2021-25 жылдар аралығында Атырау облысының Қызылқоға ауданында 37 мың тал отырғызылады.
Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің онлайн есеп беру кезінде мәлімдегеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында ауданымызда 37 мың тал отырғызылады.
Жалпы, аудан бойынша көгалдандыру мен санитарлық жағдайына аса мән берілген. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды төгу және орналастыруға ауылдық округтерде жер телімдері белгіленген.
Алайда, бұл орындар санитарлық ережелер мен қоршаған ортаны қорғау стандарттарының талаптарына сәйкес келмейді.
Оның үстіне, Миялы ауылының тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған қоқыс алаңы ауылға жақын орналасқан. Аумағы жылдар бойы кеңейіп, ауыл тазалығына кері әсерін тигізіп, тұрғындар наразылығын тудыруда. Сондықтан, аудан әкімінің есебінше, осы мәселені шешу үшін ауылдан 3,5 шақырым жерден жаңа қоқыс алаңының орыны белгіленіп, қоршау жұмыстарын жүргізуге 73,5 млн. теңгені құрайтын жоба жасақталыпты.
"Өткен жылы аудан бойынша 2 223 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Оның 401 тоннасы сұрыпталып, 18 пайызды құрады. Биылғы жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды 21 пайызға өсіруді жоспарлап отырмыз", - деді Нұсрұлтан Бисембиев.