Bugin
Бетті тану функциясы әзірге жоқ
«Сергек» негізін қалаушы Қайрат Ахметов камера жүйесі «Адамды тани ала ма?», «Болашақта ол қалай болады?» деген сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, «Сергекке» бетті тану функциясы әлі енгізілмеген. Дегенмен теориялық тұрғыда камера бұған қабілетті.
«Бұл әрбір смартфонда бар. Ол күрделі функция, қандай да бір ноу-хау (құпия) емес. Бірақ мәселе ақпараттық қауіпсіздік, мәліметтер базасы және тағы басқада жатыр. Сондықтан әзірге «Сергек» жобаларында бұл функция жоқ. Белгілі бір заң, қоғамдық талқылаудан кейін пайда болуы мүмкін» деді Ахметов «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында.
«Сергектің» көмегімен бүгінде елімізде түрлі қылмыс пен құқық бұзушылық белсенді түрде анықталып жатыр.
Камераның арқасында өлім-жітім мен жол көлік оқиғасы да азайды. Ахметов мұны «полиция, әкімдік және прокуратура қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі» деп атады.
Аталмыш камера жолда ғана емес, кейбір қоғамдық орында да орнатылғанын айтты.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Атырауда жұмыс істейді. Алда еліміздің өзге қалаларына да орнатылуы мүмкін.
Сондай-ақ Ахметов жобаға әлемнің басқа елдері де қызығушылық танытып жатқанын атап өтті.